"Алғашқы болып телефон шалдыңыз". Тоқаев Ердоғанмен не туралы сөйлескені белгілі болды

"Алғашқы болып телефон шалдыңыз". Тоқаев Ердоғанмен не туралы сөйлескені белгілі болды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент қонақжайлық көрсетіп, құрметпен қарсы алғаны үшін Режеп Тайып Ердоғанға ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы, ең алдымен, жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркия халқына көңіл айтты.

"Марқұмдардың туған-туыстарына, өзіңізге және бүкіл Түркия халқына тағы да көңіл айтамын. Түркия - әрқашан қиындыққа қарсы тұра білген мемлекет. Сіздер мол тәжірибе мен ел бірлігінің арқасында бұл қиындықты еңсеріп шығасыздар деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ақорда

Өз кезегінде Режеп Тайып Ердоған шақыруын қабыл алып, Анкараға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

"Түркияға келгеніңізге қуаныштымын. Алапат жер сілкінісінен 49 мың адам қаза тапты. Осындай қиын сәтте алғашқы болып телефон шалған көшбасшылардың бірі өзіңіз болдыңыз. Қазақстанның құтқарушылары зардап шеккен азаматтарымызды құтқаруға атсалысты. Біз шынайы бауырмалдықты сезіндік", - деді Түркия президенті.

Ақорда

Сонымен қатар Президент Түркия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін айтты.

"Түркия Қазақстанның басты бес сауда серіктесінің қатарына кіреді. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 33 пайызға өсіп, 6,3 миллиард долларға жетті. Бұл - жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қазақстанның тауарларын Түркия нарығына көптеп шығаруға мүмкіндік бар", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев түрік инвесторларының Қазақстандағы жобаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ, кездесу барысында "Орта дәліз" деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты аса маңызды рөл атқаратыны сөз болды. Қазақстан тарапы әлеуеті мол осы көлік-логистикалық бағдарды дамыту үшін ортақ инфрақұрылым жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.

Режеп Тайып Ердоған кейінгі жылдардағы екіжақты сапарлар нәтижесінде барлық салада өсім бар екенін, жыл соңына дейін тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін жеткізу қажет екенін айтты. 

Ақорда

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған "Кулие" резиденциясында қарсы алған болатын.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова