Сайлау: 19 тұлға заң бұзған және тағы екеуі үгіт-насихат жасаған

Сайлау: 19 тұлға заң бұзған және тағы екеуі үгіт-насихат жасаған
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстандағы мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау кезінде 19 тұлғаның заң бұзғаны анықталды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Азамат Сарғазин "Сайлау-2023" онлайн марафоны кезінде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Олардың 12-і азаматтарға басқа адамдар үшін дауыс беруге мүмкіндік жасау мақсатында сайлау бюллетеньдерін берген. Олардың 5-і Алматы облысында, 3-і Солтүстік Қазақстан облысында, ал Жетісу, Жамбыл облыстарында және Алматыда, Шымкентте бір-бірден анықталды", - деді Азамат Сарғазин.

Бұл құқық бұзу бойынша кінәлі сайлау комиссияларының мүшелері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 110-бабымен жауапқа тартылады.

"Бес фактіде басқа сайлаушы үшін дауыс берген. Олар бойынша тең сайлау құқығы туралы талапты бұзған азаматтардың жауаптылығы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 108-бабы бойынша шешіліп жатыр", - деді Азамат Сарғазин.

Сонымен бірге ведомство өкілінің мәліметінше, тыйым салынған кезеңде - сайлауда үгіт-насихат жасаудың екі фактісі анықталған.

"Олар Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында анықталған. Бұл әрекеттер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша жазаланады", - деді Бас прокуратура өкілі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан