Маскүнемдер мекені. Таразда бітпеген 38 құрылыс нысаны бар

Маскүнемдер мекені. Таразда бітпеген 38 құрылыс нысаны бар

Тараздық Жібек Мүсірәлі "Бәйтерек" шағын ауданындағы құрылысы аяқталмаған 2 қабатты нысанның балалар өміріне қауіп төндіріп отырғанын айтып, шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның "Бәйтерекке" көшіп келгеніне 5 жылдан асыпты. Қараусыз қалған нысан тура ол тұрып жатқан көпқабатты үйдің жанынан бой көтерген екен. Бастапқыда кәдімгідей қарқынмен жүріп жатқан құрылыс, қалай тез басталса, солай жылдам тоқтап қалыпты.

"Алаңда ашық-шашық қалған арматуралар көп. Ойын қуған балалар жүгіріп жүріп құлап, жарақат алып қалып жатады. Соған алаңдаймын", - дейді ол.

Дерекке сүйенсек, Жамбыл облысында тұрғындар үшін қорқынышты мекенге айналған, құрылысы аяқталмаған 38 нысан бар екен. Биылға дейін олардың саны 51 болған. Сол бітпеген 38 құрылыстың 30-ы Тараз қаласында бой көтерген. Мамандардың айтуынша, 10 құрылыстың қашан аяқталары әлі белгісіз көрінеді.

Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Исабеков: "10 нысанның мәселесі тікелей қаржыға байланысты. Мердігерлері анықталса, бұл түйткіл де биыл шешімін табуы мүмкін", - дейді.

Негізгі мәселе – аталған құрылыс нысандарының кейбірінің меншік иелері өмірден өтіп кеткен екен. Қаржылық қиындықтарға байланысты әрі қарай құрылысты жалғастыра алмай қалғандары да бар. Бірақ соған қарамастан, олар нысанды мемлекет меншігіне бергісі келмей отыр.

"Келіспеушілік – ұсынылған бағада жатыр" дейді мамандар.

Осылайша Тараз қаласындағы іргесі әлдеқашан қаланған көпқабатты құрылыстарды қаңғыбастар мен маскүнемдер мекеніне айналған. Бір өкініштісі, жаман ойға бекінген жастар да осындай жерлерге үйір. Қараусыз қалған құрылыстар аудандарда да бар. Бітпеген нысандар Шу, Т.Рысқұлов, Меркі, Сарысу, Талас, Қордай және Байзақ аудандарына тиесілі.

А. Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы