ШҚО тұрғыны Наурыз мерекесінде қойды 216 рет көтерді

ШҚО тұрғыны Наурыз мерекесінде қойды 216 рет көтерді

Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданындағы Көкжыра ауылының жұрты биыл әз-Наурызды дүркіретіп атап өтті. Ауыл азаматтары бірлесе ұйымдастырған шарада балалар ешкі, ересектер қой көтеріп жарысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тұрғындар саны 700 адамнан асатын елдімекенде алдымен жаппай көкпар тартылды. Мерекені өз биігінде өткізуге бастама білдірген Бақытжан Смағұлов ауыл үшін ауқымды шараға азаматтар ортақ қорға қаражат аударғандарын жеткізді. Қызығы сол, әр жылдары мектеп бітірген түлектердің кейбірі көкпар басталған тұста көліктен түсе сала, додаға қойып кетті. Бағына орай, жігіттер бірнеше тұлпарды ерттеп, сақадай сай етіп қойған. Қарбалас кезінде бірнешеуі ерден ауып, ауыр жарақат ала жаздады. Жүлделерді топтап, басы-қасында жүрген Азамат Мәжібаев ең соңғы салымды "Өгіз өлді" деп хабарлаған кезде жиырманың ары жақ, бері жағындағы Ержүрек Байғабылов серкені нүктеге тастап үлгерді. Бұйырған тоқтысын өңгеріп, кете барды.
Ауылдың орталығында концертпен қатарласа спорттық жарыстар жалғасып тапты.

Жергілікті жұрт "барлығын бір уақытта тамашалау мүмкін емес, бәрі қызық өтіп жатты" дейді.


Айталық, қой көтеру сыны басталарда қатысуға бекінгендер қарасы тым аз болды. Осы кезде жастар ортаға беттей берді. Бірі 100-ден асырса, бірі 120-ны нысана етті. Волейболдан республикалық бәсекелерде олжа салып жүрген Ерасыл Жақсылық салған жерден желкесіндегі қара қойды 60-70 рет алқынбай көтерді. Сосын дем алысын сәл қалыпқа келтіріп, жаттығуын бір деммен жалғастыра түсті. Арада шай қайнатым уақыт өткенде 200-ге жеткізді. Содан көпшіліктің қиқуымен 216-ға келгенде бір-ақ тоқтады. Ерасыл ерлеп, қойға иелік еткенімен, белі ауырсынып, саны тартылды.

Сайыс төрешілері "Көкжыраның рекорды 216 болып бекіді" десті.

Ауылдағы волейбол бапкері Мұхит Токов Ерасыл осыдан кейін қол күресу мен гір көтеруден де қарсылас шақ келтірмегенін жеткізді.


Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы