"Үкіметтің жұмысына көңіліміз толмайды". ЖСДП Смайыловқа қарсы дауыс беру шешімін түсіндірді

"Үкіметтің жұмысына көңіліміз толмайды". ЖСДП Смайыловқа қарсы дауыс беру шешімін түсіндірді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов фракцияның Әлихан Смайылов кандидатурасына қарсы дауыс беру шешімін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Біз парламенттік оппозиция ретінде фракциямызбен жиын өткіздік, мен жетекші ретінде Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қарсы дауыс беруіміз керек деген ұсыныс жасадым. Өйткені былтырдың қорытындысы көңіл көншітпейді. Бізде инфляция 20 пайыздан асты. ЖЭО-дағы бітпейтін апаттар. Тіпті қарапайым автокөлік несиесінде де көп сұрақ туындайды. Премьер-министрлікке кандидат ұсыну біздің құзырымызда емес, бірақ мен оның қандай болуы керек екенін білемін", - деді Рақымжанов мәжіліс отырысында.

Фракция мүшесі Нұрлан Әуесбаев Қазақстанда тұратын 20 миллион адамның ішінде "жұмысты (премьер-министрдің - еск.) жақсы атқаратын адам табылады" деп есептейді.

"Президент Тоқаев жақсы бастамалар ұсынып отыр, бірақ бұл міндеттерді бұл үкіметпен шешу мүмкін емес. Мен бұл лауазымда кімді көретінімді айта алмаймын. Бірақ біз үкіметтің атқарған жұмысына көңіліміз толмайды. Біз бұл туралы ашық айтамыз. Құдайға шүкір, 20 миллион халық бар, жақсы жұмыс істейтін адам табылады. Үкіметте қателіктер жетеді. Ең бастысы - әлеуметтік саясат", - деді Әуесбаев сөзінде.

Журналист Рахымжановтан премьер-министр ретінде кімді көретінін сұрады.

"Пікір айтқым келмейді. Бірақ (жаңа премьер-министр - еск.) кәсіби маман болуы керек. Оның бойында қандай қасиеттер болуы керек?! Ол азаматтардың әл-ауқатын жақсарту үшін әлеуметтік және ішкі саясат мәселелерін бірінші орынға қоюы керек. Өйткені азаматтарымыздың байлығының жыл сайын төмендеп жатқанын көріп отырмыз. Инфляция, өнім бағасының, тарифтердің өсуі", - деп жауап берді ол.

Еске салайық, ЖСДП фракциясы Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қарсы шықты.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Смайыловтың кандидатурасын Мәжілістің 82 депутаты қолдады. Жетеуі қарсы дауыс берсе, сегіз депутат қалыс қалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек