Генерал Серік Күдебаев сотқа мәжбүрлі түрде жеткізіледі

Генерал Серік Күдебаев сотқа мәжбүрлі түрде жеткізіледі

Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев үкім жарияланатын кезде сотқа келмеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күдебаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы 3 сәуірге сағат 10:00-ге шегерілді.

"Сотталушының сот отырысына келмеуіне сотталушының дәлелді себептерін растайтын мәліметтер жоқ. Сондықтан Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 157 және 335-баптарына сәйкес сот Күдебаевты көрсетілген уақытқа мәжбүрлі әкелу туралы қаулы шығарды", - делінген сот хабарламасында.

10 наурызда генерал Күдебаевтың ауруханаға түскені белгілі болды. Сол күні ол сотқа келуі керек еді, онда оған қатысты үкім шығарылатыны айтылған болатын. Алайда бұрынғы полиция бастығының сот процесі белгісіз мерзімге шегерілді. Ал кейінірек үкімді жариялау тағы үш рет кейінге қалдырылды.

Бұған дейін полиция генерал-майоры Серік Күдебаев "билікті немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін" орташа қауіпсіздік колониясында тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені айтылды.

Айта кетейік, Серік Күдебаев былтыр сәуірдің аяғында өз еркімен қызметінен босатылды. Ал мамырда ол қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова