"3 мың адам нанынан айырылуы мүмкін". Депутат дабыл қақты

"3 мың адам нанынан айырылуы мүмкін". Депутат дабыл қақты

Арал теңізінің айналасындағы 3 мыңға жуық балықшы нанынан айырылуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов осылай дабыл қақты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Премьер-министрдің бірінші орынбасары Р.В.Склярға 9 балық өңдеу зауыты мен 14 шағын цех жұмысы кідіруі мүмкін екенін баса айтты. Оған себеп - теңіздің тартылуы. Соңғы 12 жылда Арал суы үштен бірінен айырылған.

"Суы қашқан теңіздің орнынан көтерілген тұздар бүкіл Орталық Азия елдеріне зиянын тигізетін экологиялық апатқа айналды. Нәтижесінде судың тұздылығы 8-ден 13 грамм/литрге көбейген. Ал егер судың тұздылығы 15 грамм/литрге жетсе, балықтар жаппай қырыла бастайды", - деді халық қалаулысы.


Сырдария өзені бойындағы мемлекеттердің немқұрайлы көзқарасы да мәселені ушықтырды. 

"Сондықтан мемлекетаралық келісімге "кепілдендірілген келісім" статусын беруіміз қажет", - деді Мәжіліс депутаты.


Алдыңғы жылы Аралда жаппай қуаңшылық болып, жайылымның 95 проценті жарамай қалған еді.

Назерке Саниязова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы