"Тынысымыз тарылып, далаға шығудан қалдық". Қарағандылықтар бетон қоспасын жасайтын кәсіпорынның жұмысына қарсы

"Тынысымыз тарылып, далаға шығудан қалдық". Қарағандылықтар бетон қоспасын жасайтын кәсіпорынның жұмысына қарсы
Фото: Автордан

Қарағанды қаласының тұрғындары өндірістен ұшқан цемент аралас шаңнан үйде терезе аша алмай отыр. Енді  химиялық қоспалар өкпемізге түсіп, түрлі дерттерге шалдығамыз ба деп қорқып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жаңадан бой көтерген тұрғын үйден пәтер алып, қуанған елдің қуанышы ұзаққа созылмады. Себебі, үйіне іргелес жатқан өндірістен шыққан цемент аралас шаңнан кең тыныстай алмай отыр. Ол аздай, далаға шыққан балалардың да үсті-басы күлге аунағандай болатын көрінеді.

"Балаларымыз далада жүреді, ойнайды. Таңертең таза болып шықса, кешкісін үйге кәдімгі қап қара болып келеді. Далада құмда ойнағаннан емес, мына зауыттан. Кір жуғанда суда цемент араласып жүреді. Үйдің барлығы шаң. Күніне екі-үш рет жуу керек" дейді тұрғындар


Осыдан он жыл бұрын, бұл жер жазық дала болған. Кейіннен бетон қоспасын араластыратын зауыт пайда болды. Қазір жаңа тұрғын – үй кешендері бой көтеріп, шағын ауданға айналған. Тұрғындар саны да күн сайын артып келеді. Барлығы бір ауыздан зауыттың жұмысына қарсы.

"Хлорангедрид түседі құрамына. Химиялық улы заттар жай ғана шаң емес, онымен бірге улы заттар түседі. Ал, улы зат адамның организміне кіргеннен кейін, өкпеге кірген соң ол шықпайды. Демікпе аурулары бар. Үлкен кісі бар үйімізде. Далаға шыға алмайды. Өйткені дем ала алмайды. Кірді жая алмаймыз. Кішкентай балалар жүре алмайды. Аллергия қазір барлық жерде" дейді ашулы тұрғындар.

Тұрғындардың жанайқайын зауыт қожайынына жеткіздік. Ол жақын арада зауыт басқа жерге ауысады деп уәдесін берді.

"Қазір біз зауытты ауыстыру үшін, басқа жер қарастырып жатырмыз. 20 тонна қалдық цемент біткен соң барлық құрылғыларды жинауға кірісеміз. Шамамен бір-екі аптада толық көшеміз деген жоспар бар" дейді цемент шығаратын зауыттың директоры Аршак Казарян.


Айтпақшы, тұрғындардың шуынан кейін, облыстық экология департаменті мамандары зауыттың аумағына барды. Олар қазір кәсіпкерге тексеріс жасамақ. Қорытындысы он күннің ішінде белгілі болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы