Денсаулыққа пайдалы 5 шай

Денсаулыққа пайдалы 5 шай
Фото: crello.com

Шай ішу рәсімінің әр елдің мәдениетінде өзіндік орны бар. Себебі табиғи ингредиенттерден дұрыс дайындалған сусынның жағымды дәмі мен хош иісінен бөлек ағзаға тигізер пайдасы да мол. Ендеше, шай түрлерін және олардың пайдалы қасиеттерін ұсынамыз.

Түймедақ шайы

Түймедақтың емдік қасиеті жайлы көпшілік біледі. Түймедақ шайын тұмау, асқазан жүйесі проблемасы, бауыр және өт шығару жолдары аурулары кезінде ішу ұсынылады. Сондай-ақ6 түймедақ шайы жүйке жүйесіне тыныштандырушы әсер береді және шаршаңқылық пен ұйқысыздықты жеңуге көмектеседі. Шайды сүзіп, жылы күйінде ішкен дұрыс. Мұндай шайды дәмдірек ету үшін оған бал, лимон және итмұрын қосуға болады.

Түймедақ шайын ішуге қарсы көрсетілім:
- жоғары қан қысымы;
- ішкі қан кету, геморрой;
- жиі іш кету.

Итмұрын шайы

Итмұрын шайы асқорыту органдарына жағымды әсер етеді, артериялық қысымды түсіруге және түрлі қабынулармен күресуге көмектеседі. Оған қоса, итмұрын шайы несеп шығару жолдары аурулары кезінде антисептикалық әсер береді. Аскорбин қышқылы итмұрын дәнінде лимонға қарағанда 50 есе көп. Итмұрын құрамында дәрумендер мол болғандықтан, оны ағзаға дәрумен жетіспеушілік кезінде және тұмау кезінде жиі қолданады.

Итмұрын шайын ішуге қарсы көрсетілім:
- гастрит және ойық жаралы аурулар;
- іштің кебуі;
- жүрек жеткіліксіздігі, қан айналым жеткіліксіздігі.

Жалбыз шайы

Жалбыздың негізгі компоненті — ментол жүрек-қан тамырлар жүйесінің жұмысын жақсартады, ас қорыту жолы мен жүйке жүйесінің жақсаруына ықпал етеді. Арасында жалбыз қосылған табиғи шай ішу асқазан-ішек жолы жұмысын қалыпқа келтіреді және ағзаны уыттардан тазартады. Жалбыз тұнбасы жүрек айнуды басуға көмектеседі.

Жалбыз шайын ішуге қарсы көрсетілім:
- төмен қан қысымы;
- іш кебуі;
- ойық жаралы аурулар.

Күреңот шайы (иван-чай)

Күреңоттың құрамында С және В дәрумендері, мыс, марганец және темір көп. Күреңот шайы жеңіл несеп айдағыш әсерге ие және ол несеп шығарушы органдар мен бүйректердің қалыпты жұмыс істеуіне көмектеседі. Сондай-ақ ол ісінуден арылуға және ағзадағы уыттарды шығарады. Күреңоттың өзіндік дәмі бар, оны апельсин қабығымен, кепкен алмамен немесе таңқураймен бірге ішсе, ол дәмді бола түседі.

Күреңот шайын ішуге қарсы көрсетілім:
- қан ұю;
- қызу түсіретін дәрілер ішу;
- жоғары қан ұйығыштығы.

Долана шайы

Табиғи долана шайы жүрек-қан тамырлар жүйесін және қан ағысын жақсартады. Оны, әсіресе, жүрек бұлшықеті тонусының жетіспеуінен қиналатын жасы үлғайған адамдарға ішу ұсынылады. Бұл сусынды жүйке жүйесін қалыпқа келтіру және алдын алу мақсатында ішеді. Долана шайына жалбыз, бал немесе түймедақ қоссаңыз, олар оның дәмін жақсартып қана қоймай, оны одан сайын пайдалы етеді.

Долана шайын ішуге қарсы көрсетілім:
- жүкітілік және емізу;
- жүрек айну, бас айналу.

А. Жапатова