Маусымдық жеміс-жидектерді мұздатудың 7 ережесі

Маусымдық жеміс-жидектерді мұздатудың 7 ережесі
Фото: unsplash.com

Жеміс-жидектерді мұздату — өзіңізді және отбасыңызды қыс бойына дәрумендер қорымен қамтамасыз етудің ең қарапайым әдісі. Мұздатылған жеміс-жидектерді еріткеннен кейін шикі түрінде де, бәліштер мен торттарға салынды ретінде де қолдануға болады. Мұздатылған жеміс-жидектердің пайдалы қасиеттері мен дәмін сақтау үшін не істеу керек?

1. Жидектерді қатырмас бұрын оларды жақсылап жуып, кептіру керек

Жаңа піскен жидектерді қатырмас бұрын оларды жақсылап жуып, қағаз майлықта немесе арнайы центрифуга-ыдыста кептіру керек. Егер жидектер дұрыс кеппесе, мұздатқыштың ішінде олар бір-біріне жабысып қалады да, өзінің әдемі түрін жоғалтып алады. Әсіресе, таңқурай, қарақат және шиені жақсылап кептіру керек, себебі олар жұмсақ болғандықтан, оңай бөлініп қалады.

2. Жидектерді мұздатқышқа тазартып салған дұрыс

Мұздатылған жидектер еріген кезде жібіп кететіндіктен, оларды қосымша тазарту ыңғайсыз болады. Сондықтан құлпынай немесе қарлығанды (крыжовник) қатырар алдында олардың жеміс сабағын алып тастаңыз. Егер  алхоры мен шиені десерт пісіруге қолданатын болсаңыз, олардың дәнектерін алып тастаған дұрыс. Ал жеміс-жидектерді компот дайындауға қолданатын болсаңыз, олардың дәнектерін алу міндетті емес.

3. Мұздатуға ауа кірмейтін пакеттер мен контейнерлер қолданыңыз

Құлпынай, таңқурай, бүлдірген, қойбүлдірген (земляника) және басқа да жұмсақ жидектер өздерінің табиғи пішінін сақтау үшін оларды ауа кірмейтін контейнерге салып мұздатқан дұрыс. Ал шие, алхоры, қаражидек, мүкжидек және қарлығанды аузы қатты жабылатын пакеттерде сақтауға болады. Жидектерді үсті-үстіне үймей, пакетке тізбектеп орналастырған дұрыс.

Пакеттегі артық ауаны шығару үшін оның аузын толықтай жаппай, кішкене ғана тесік қалдырыңыз. Тесікке коктейльге арналған түтікті салып, сол арқылы ауаны сорып алыңыз да, пакеттің аузын толықтай жауып тастаңыз. Жидектерді екінші қайтара қатырмас үшін оларды бір рет қолдануға болатын порцияға бөліп сақтаңыз. Ол үшін алдын ала түрлі өлшемдегі контейнерлер мен пакеттер әкеліп қойыңыз.

4. Қатыруға тек қатты жемістерді таңдаңыз

Қатыру кезінде жемістердің сыртқы түрі зақымдалмас үшін олардың тек қатты және пісіп кетпеген түрлерін таңдау керек. Қатты пісіп кеткен жемістерді пюре күйінде қатыруға болады: оны тәтті бәліштерге арналған салынды ретінде пайдаланыңыз.

5. Қатырмас бұрын жемістерді тең бөліктерге бөлу керек

Жаңа піскен алмалар мен алмұрттарды қатыру үшін оларды жақсылап жуып, кептіріңіз. Содан соң оларды бірнеше бөліктерге бөліп, түсі қарайып кетпес үшін лимон суын шашып жіберіңіз.

Шабдалы мен өрікті мұздатпас бұрын тең екі бөлікке бөліп, дәнектерін алып тастаңыз. Бұл жемістерді ауа кірмейтін пластикалық контейнерде сақтаған дұрыс. Ал апельсинді қатырудың қажеті жоқ, себебі цитрустылар еріген кезде ащы болып кетеді. Мұздатқышқа апельсиннің қабығын үккіштен өткізіп сақтауға болады.

6. Жемістерді барынша төмен температурада қатырыңыз

Жемістердің пайдалы қасиеттері барынша сақталуы үшін мұздату процесінің жылдам болуы маңызды. Ол сондай-ақ олардың тұтастығын және сыртқы түрін сақтауға мүмкіндік береді.

Жемістерді еріту, керісінше, баяу болуы керек. Негізі, оларды қолданар алдында жемістерді мұздатқыштан шығарып, тоңазытқышқа салып қойған дұрыс. Мұздатылған жемістерді микротолқынды пеште еріту ұсынылмайды.

7. Жеміс-жидектерді салатын барлық пакеттер мен контейнерлердің сыртын жазып қойыңыз

Оларды мұздатқыштан жылдам табу үшін ыдыстың сыртына жеміс-жидектің атауын, қатырған күнді және салмағын жазып қоюды ұсынамыз. Жазуға арналған арнайы жапсырмалар бар немесе қарапайым қағаз бен скотчты қолданыңыз.

А. Жапатова