Нонконформист, хайпер, фрик: Заманамыздың "Геростраты" Канье Уэсттің 7 жаны

Нонконформист, хайпер, фрик: Заманамыздың "Геростраты" Канье Уэсттің 7 жаны

Жаңалықтардың негізгі тригері боп қалу үшін біреу әлеуметтік желіні түгел сатып алса, екіншісі бірнеше миллион долларлық көлігін өртейді, үшіншілері ұлы өнер туындыларынана кетчуп жағады. Бәлкім олардың түрткісі "Герострат синдромы" емес те шығар. Кім білген?! Десе де әлемдік таблоидтардан түспейтін бар планетаның жалғыз фригі болса, ол - Канье Уэст. Айтқандай, кейінгі кезде Донданың ұлы (Бір қызығы, анасына арнаған Donda альбомының релизіне режиссер болған Айсұлтан Сейітов. Мистер Уэсттің кім екенін қасында жүрген содан сұрау керек шығар?!) өзін Йе деп атауын қалайды.

  

Антисемит?

Твиттер әлеуметтік желісінің иесі Илон Маск Каньенің аккаунтын бұғаттады. Оған рэпердің антисемиттік пікір қалдырғаны себеп болған.

Осы жанжал барысында Йені Akon қолдады. Орындаушы кім-кімнің де өзіндік пікірі бар екеніне оң көзқараспен қарайтынын айтты. "Мен адамдардың өз пікірін білдіруін қолдаймын. Біз сөйлеуді тоқтатқанда, басқа адамдарға бізді тануға, ойымызды білуге, ең бастысы, әрекетіміздің себебін түсінуге мүмкіндік бермейміз", - деп түйіндеді ол.

Бұл SkyNews-те Алекс Джонспен сұхбат еді. Журналист егер ол рэпердің жеке басын қорлайтын пікірлер қалдырса, әріптесін дәл солай қолдайтынына күмән келтірді. Бұған рэпер әркімнің өзі қалаған нәрсеге сенуге құқығы бар деп жауап берді. "Біз кездескен күні мен оның немен келіспейтінін және неліктен екенін сұраймын. Менің мақсатым - оның неге олай ойлайтынын түсіну", - деді әнші.

Америкалық еврей комитеті (AJC) Каньенің сөйлеу мәнері "антисемиттік клишелерге" толы деді. "Кейінгі аптада музыкант еврейлерге деген өшпенділік туғызды", - деді комитет өкілдері. 

Гитлерге табынушы?

Осы күзде кейіпкеріміздің Адольф Гитлерге тәнті болғаны, тіпті альбомын оның атымен атағысы келгені белгілі болды. 

Аты-жөнін атағысы келмеген бизнес-менеджер рэпер нацистер басшысына "еліктегенінің" кесірінен жұмыс ортасын адам төзгісіз еткенін  айтады. Ол журналистерге Канье Гитлерді "көп жерді бір биліктің астында ұстай алғаны" үшін құрметтейтінін, сонымен қатар, нацистердің үгіт-насихаттарын қалай пайдаланғанына таңданатынын айтты.

Басқа адамдар да Уэсттің 2018 жылғы альбомын "Гитлер" деп атағысы келгенін бір ауыздан құптады, бірақ ол ақыры шешімін өзгертіп, оны YЕ деп атады. TMZ порталының бұрынғы қызметкері сұхбаттарының бірінде музыкант Гитлер мен нацистерге деген сүйіспеншілігі туралы да айтқанын, бірақ бұл сөздері кейін жойылып кеткенін де еске алды.

Эпатажқұмар?

Рэпер Канье Уэст гауһар тастармен безендірілген сланстарды шұлықпен киіп шықты. Лондондағы сән апталығы аясында ұйымдастырылған Burberry брендінің шоуына қатысып, папараццидің назарын аударды.

Бұған дейін дизайнер Balenciaga бренд топтамасына бөтелкелерден жасалған жаңа аяқ киім ұсынған болатын. Музыкант әлеуметтік желілерде дизайнерлерді "балалар мен үйсіздердің" киіміне қарап шабыт алуға шақырды.

Бәлеқор?

Рэпер Канье Уэст америкалық кәсіпкер әрі миллиардер Илон Масктың шығу тегіне күмән келтірген пост жариялаған еді.

Музыкант: "Илон Маск жартылай қытай болуы мүмкін деп ойлайтын жалғыз мен бе? Сіз оның балалық шақтағы суреттерін көрдіңіз бе?" деп сұрады музыкант фолловерлерінен. Илон Маск Твиттерде Уэсттің сөздерін комплимент ретінде қабылдайтынын жазды. Уэст оны "генетикалық гибрид" деді. Өз жазбасында орындаушы АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обаманың шығу тегіне де күмән келтірген. Бұған дейін Канье Уэст NBA жұлдызы Крис Полға да тиіскен еді.

Нарцисс?

Yeezy компаниясының қызметкерлерінің бірі Дрейкті тыңдағаны үшін жұмысынан айырылды. Оның айтуынша, музыкант кеңседе өз тректерін қосып қойғанды ​​ұнатады, бірақ бір күні басқа музыка қосуын өтінген. "Мен ол рэпер болған соң, рэп қосайын деп ойладым. Сөйтіп Дрейктің әндерін қостым. Бұл үлкен қате болған екен. Келесі күні мені жұмыстан шығарды", - деп есіне алды ол.

Нонконформист?

Уэст үшін басқаларға қарсы шығу да маңызды. 20 жыл бұрын, әлі ешкім қара нәсілділерді белсенді қолдамаған кезде, BLM қозғалысының негізгі дауысына айналды. Енді BLM негізгі ағымға айналғанда, ол "white lives matter" деген футболка киіп жүр. Бәрі президент болуына күмәнмен қараған Дональд Трампты елден бұрын қолдады.

Журналист Жолдас Өрісбай: "Канье Уэсттің саясаткер ретінде ешқандай потенциалы жоқ. 20-жылы президенттікке үміткер болған кезде, аса үлкен белсенділік көрсеткен жоқ. 1 ай көлемінде үгіт-насихат жүргізді де, аренадан жоғалды. Десе де оның Дональд Трамптың жетістігін қайталағысы келу мүмкін. Себебі ол да алғаш үміткер болғанда, саясатпен араласпағаны салдарынан аутсайдерге айналған еді. Кейін президент болды", - дейді Йенің саяси белсенділігіне қатысты.

Билікқұмар?

Канье Уэст 2024 жылы АҚШ президенттігіне кандидат болу ниетін мәлімдеді. Бұл туралы New York Post хабарлады. Ол саяси комментатор және жазушы Мило Яннопулосты таныстырып, өзінің сайлауалды науқанымен айналысатынын айтты. Осылайша, Уэст өзінің екі жылдан кейін өтетін президенттік сайлауға ұсынылатыны туралы ақпаратты растады.

2020 жылы рэпер АҚШ президенттігіне өз кандидатурасын ұсынған болатын. Содан кейін музыкант 12 штаттағы сайлаушылардан 57 мың дауыс жинап, жеңілгенін мойындаған еді. 

*** Канье Уэст туралы не айтарыңды білмейсің. Ол рас. Бірақ бір нәрсе аян, ол - әлемдегі ең танымал және атақты өнерпаз. Тірі аңыз ретінде танылып, жоқшылықтан орасан байлыққа ие болған адам. Өз заманының жұлдызы. XXI ғасырдың Элвис Преслиі.

Ол өнер адамының тұлғасы да өз туындысына айналған кезеңге тап келді. Өзін әуелі "құдай", содан кейін "құдай таңдаған дауыс" деп таныған рэпер біржақты сезім туғызуы мүмкін де емес. Бұл біз әңгімелеген 7 жаны, әлі осындайдың 1047-сі бар.

А. Оралқызы