Омикрон-штамының төрт басты ерекшелігі

Омикрон-штамының төрт басты ерекшелігі
Фото: magzter.com

Коронавирустың омикрон штамы тараған елдің ғалымдары – Оңтүстік Африка Республикасының дәрігерлері қазір бүкіл әлемге тарап жатқан қауіпті штамның ерекшеліктері жайлы алғаш рет толыққанды тұжырым жасады.

Тұжырым жасауға ОАР-дағы Discovery Health медициналық сақтандыру компаниясы 3,7 миллионнан астам науқастың статистикалық деректері және 211 мың ПЦР-тесттің мәліметтерін пайдаланған.

Ғалымдардың дерегінше, қазір Оңтүстік Африка Республикасындағы коронавирусқа шалдыққандардың 90 пайызы – омикрон штамын жұқтырғандар. Сондықтан деректер базасы жеткілікті.

"Омикрон-штамы коронавирустың төртінші толқынының тууына түрткі болды. Оған соңғы үш аптада елде ковид жұқтырушылардың көбейіп кеткені әрі инфекцияны таралу көрсеткіштерінің экспоненциалды өсімі (күрт өсім) дәлел", - дейді Discovery Health компаниясының директоры, доктор Райана Ноах.

Бірінші ерекшелік – омикрон-штам вакцинаға бой бермейді

Сарапшылар жаңа штамның вакцинаға бой бермейтінін, ал вакцинаның омикроннан жеткілікті дәрежеде қорғай алмайтынын айтады.

Зерттеушілер Pfizer-BioNTe екпесінің екі дозасын алған адамдарға омикронды жұқтырып көргенде, олардың инфекциядан қорғанысы – 33 пайыз деңгейінде екенін байқаған. Ал препараттың нұсқауына сенсек, бұл вакцина адамды коронавирустан 80 пайыздан астам деңгейде қорғауы тиіс.

Бірақ вакцина инфекцияның жұғуынан жеткілікті дәрежеде қорғай алмағанымен, ауруға түсу жағдайын біршама азайтады (қорғаныс – 70 пайызға дейін). Сарапшылардың айтуынша, бұл – жақсы жаңалық.

Екінші ерекшелік – омикрон қайта жұғуға бейім штамм

Зерттеушілердің айтуынша, адамның ағзасында бұрынғы штамдардан қалыптасқан антиденешік омикронға қарсы тұра алмайды. Сондықтан бұрын коронавируспен ауырған адам омикрон жұқтырып, қайта ауруға шалдығуы мүмкін.

Ғалымдар коронавирусты жұқтырудың көрсеткішін былай көрсетеді: бұрын "дельтаны" жұқтырғандар төртінші толқынға тап болуы қаупі – 40 пайыз, ал "бетаны" жұқтырғандардікі – 60 пайызға тең. Ал пандемияның басында ауырғандарға – 73 пайызға дейін қауіп бар.  

"Омикронның қайта жұғуы бұрынғы штамдарға қарағанда әлдеқайда көп", - дейді бас сарапшы Ширли Колли (Shirley Collie).

Госпитализация деңгейі аз

Адам инфекцияны жұқтырғанда төрт кезеңнен өтуі мүмкін. Бірінші – инфекцияны жұқтыру, екінші – жағдайдың ауырлауы (инфекцияның өкпеге шабуы, басқа да ауруды қоздыруы), үшінші – ауруханаға түсу (ауыр жағдайда госпитальға түсетіні белгілі). Төртіншісі, ең ауыры – өлім.

Инфекцияның қауіптілігін осы төрт кезең бойынша бағалайды. Егер науқастардың ауруханаға түсуі көбейсе, бұл – инфекцияның тағы бір қауіптілігін білдіреді.

Бұл жағынан, сарапшылар омикрон жұқтырғандардың ауруханаға түсу деңгейі салыстырмалы түрде аз екенін айтады. Коронавирустың алғашқы толқынына қарағанда 29 пайыз аз.

Бұған себеп – әлем жұртының басым бөлігі вакцина алғаны.

Балаларға көп жұқтырады

ОАР Ұлттық жұқпалы аурулар институтының ескертуінше, елде төртінші толқын басталғаннан бері коронавирусқа шалдыққан балалар мен жасөспірімдердің саны өскен.

"Арасында 5 жастан кіші бүлдіршіндер де бар. Бірақ балаларда омикрон штамының белгілері жеңіл болады. Көбінесе, басы ауырып, мұрны бітеледі. Қызуы көтеріледі", - дейді доктор Ноах.

Ғалымдардың айтуынша, омикрон штамының қаншалық агрессивті инфекция екенін анықтау әзірше қиын. Өлімге әкелуі жайлы деректер аздау. Штамм әлемге енді тарай бастағандықтан, бұл жайлы қорытынды жасау қиындау.

Қ. Слямбек