Күнбағыс майының денсаулыққа 6 пайдасы

Күнбағыс майының денсаулыққа 6 пайдасы
Фото: pixabay.com

Күнбағыс майының өзге көкөніс майларынан (зәйтүн, пальма, кокос майы) пайдалы тұстары бар. Мәселен, күнбағыста Е дәрумені басқа майлардан әлдеқайда көп. Ал мұндай дәрумен көзге, теріге өте пайдалы.

Ендеше күнбағыс майының денсаулыққа 6 пайдасын сұрыптап ұсынайық.

Жүрек жұмысын жақсартады. Күнбағыс майының 80 пайыз құрамы қанықпаған мономайдан тұрады. Ал бұл жүрек жұмысына өте пайдалы. Аз қаныққан майда ағзадағы май қышқылының көлемін тепе-тең ұстауға және холестерин деңгейін реттеуге көмектеседі.

Теріге пайдалы. Күнбағыстың құрамында А мен Е дәрумені мол. Бұл дәрумендер теріге пайдалы. Сондай-ақ, терінің тез жетілуі мен жарақат түссе, жылдам жазылуына, бактериялардан қорғануына көмектеседі.

Күш-қуатты көбейтеді. Қаныққан май ағзаға ауырлық түсіреді, содан адам шаршайды, әлсіз күйге түседі. Ал қанықпаған май ағзаға бұлай ауырлық түсірмейді, керісінше энергия өндіруге көмектеседі. Мәселен, гликогеннің бауырдан қанға тез түсуіне осы қанықпаған май көп әсер етеді. Гликоген – күш-қуат беретін, энергия бөлетін қанттың түрі.

Шашқа пайдалы. Күнбағыс майы құрғақ шашқа нәр беріп, жұмсартады. Шашыңызға аптасына бір рет күнбағыс майын жағып тұрыңыз.

Иммунитетті күшейтеді. Күнбағыс майында антиоксиданттар көп. Бұлар жасуша мембранасын берік етіп, ағзаға бактерия мен вирустарды енгізбейді. Күнбағыста жасушаны қалпына келтіруге көмектесетін ақуыздар бар. Бұл ағзаның дұрыс жұмыс жасауына ықпал етеді.

Ас қорыту жақсарады. Жоғарыда айтылғандай, күнбағыс майы – қанықпаған май. Мұндай майды қорыту асқазанға оңай. Ішек те қанықпаған майды тез сіңдіреді. Сондай-ақ іш өтудің алдын алады.

Қ. Слямбек