Табиғатқа қатысты халық болжамдары

Табиғатқа қатысты халық болжамдары
Фото: kan-yu.com.ua

Халқымыз ырым мен болжамға бай. Ырымшыл халық. Әсіресе, табиғат пен қоршаған ортаға қарап қорытқан, түйген ойлар ғылыммен астасып жатыр. Ғасырлар бойы зерттеген ғылыми еңбегінің бір түйіні ғана.

Ендеше халқымыздың табиғат болжамдарының бір парасын назарларыңызға ұсынамыз. 

Ағаштың жапырақтары жайлап түссе – қыс суық, әрі ұзақ болады;

Күзде қайыңның жапырағы осал болып, жерге суылдай төгілсе – қыс қатты болады; 

Күздің аяғында қойлар аузына шөп тістеп келсе – жұт болады;

Тышқандар ініне құрғақ шөп тасыса – күн суық болады;

Қысты күні ағаш шуласа – күн жылынады;

Теректің жапырақтары түбінен ұшар басына қарай бірте-бірте сарғайса – қыс жайлы болады, ал жоғары жағынан сарғайса, керісінше болады деп ырымдайды; 

Орман-тоғайларда, қыстауларда саңырауқұлақ аз өссе – қыс суық, әрі қатты болады;

Бір төл туса – бір түп көде / жусан артық шығады;

Жаңа түскен келіннің бетін жеміс ағашына немесе тобылғы сапты қамшыға торғын орамал байлап ашса – келіннің беті айдай жарық, жемісті ағаштай ұрпағы көп болады;

Ит шөп жесе – жақсылыққа жорылады. «Ілгері басқанның иті оттайды, кері кеткеннің келіні ұрлық жасайды» делінеді.

Жас жұбайлардың төсегін аршамен аластаса – жын жуымайды, некесі бұзылмайды;

Ескі бесікті тастағанда – ақ сүт тамызып, бір уыс дән қосып өрттейді;

Егіннің тұқымы үшін біреу қарызға дән сұраса – дәнді адам емес, қара жер тілеп жатыр деген ырыммен қолын бос қайтармайды;

Жаңа шыққан көк шөпті жұлсаң – көктей соласың дейді;

Ағаш бүрлерін үзсең – көбеймейсің, көктемейсің дейді; 

Көк шыбықты сындырсаң – көктей соласың, қарғыс атады дейді;

Жапандағы жалғыз ағашты кессең – сол ағаштай жалғыз қаласың;

Қосарланып өскен, қатар біткен ағашты кессең – қосағыңнан, қанатыңнан айырыласың;

Малды қу шыбықпен, көсеумен айдаса – сүт күйіп кетеді деп, жас шыбықпен айдайды;

Тісті шимен шұқысаң – ауыз ойылады, езуге ауыздық түседі;

Күзде ағаш жапырақтары көк қалпында түссе – оны «сол жылы жастар қызыл қырғынға ұшырайды» деп  жамандыққа жорып, «жамандықтың бетін аулақ қылсын» деп тілек тілейді.

Малды қу шыбықпен немесе қабықсыз ағашпен, әсіресе жыңғылмен айдаса–жамандыққа жорылады, мал мен адам ұшынады.

Қ. Слямбек