Сұрапыл дауыл мен торнадо арасында қандай айырмашылық бар?

Сұрапыл дауыл мен торнадо арасында қандай айырмашылық бар?
Фото: interesnyefakty.org

Әлемдегі зардабы мол метеорологиялық құбылыстардың бірі — дауылды жел. Оларды сұрапыл дауыл, торнадо деп бөледі. Олардың арасында қандай айырмашылық барын бірі білсе, бірі біле бермейді. Торнадо мен сұрапыл дауыл арасындағы айырмашылық пен олардың ерекшелігін бірге талқылайық.

Ең бірінші айырмашылық олардың пайда болатын жерімен байланысты: Торнадо құрғақ немесе жағалауда пайда болады. Ал сұрапыл дауылдар мұхиттарда ғана туындайды. 

Сонымен қатар екі құбылыстың да жел жылдамдығында айырмашылық бар. Торнадоның жылдамдығы сағатына 500 километр болса, сұрапыл дауыл кезінде сағатына 250 километрден аспайды.

Көлемі бойынша үлкен айырмашылықтар бар. Өйткені қалыпты немесе орташа торнадоның диаметрі 400 метр. Ал сұрапыл дауылдар әлдеқайда үлкен болады, өйткені олардың диаметрі 1500 километрге дейін жетуі мүмкін. 

Біреуі мен екіншісінің жалғасу ұзақтығына қатысты да үлкен айырмашылықтар бар. Торнадо әдетте қысқа мерзімді және олардың ұзақтығы бірнеше минутқа созылуы мүмкін. Сұрапыл дауылдар әлдеқайда ұзағырақ, бірнеше аптаға дейін тұруы мүмкін. Мысалы 22 күнге созылған Надин дауылы айтуға болады.

Одан бөлек, тағы бір айырмашылық оларды алдын-ала болжау мәселесімен байланысты. Торнадоны болжау сұрапыл дауылға қарағанда қиындау. Сұрапыл дауылдың траекториясы мен орнын болжау оңайырақ. 

Торнадо деген не?

Торнадо – жоғары бұрыштық жылдамдықпен пайда болатын ауа массасы. Торнадоның бір ұшы жер бетінде болса, екінші ұшы жауынды бұлт арасында орналасқан. Әдетте ұзаққа созылмайтын энергиясы көп циклондық атмосфералық құбылыс. Сол себепті зардабы да айтарлықтай зор болады.

Пайда болған торнадолар мөлшері мен пішіні бойынша әртүрлі болуы мүмкін және ұзақтығы бірнеше секундтан бір сағатқа дейін созылады. Торнадоның ең танымал морфологиясы - шұңғыма тәрізді. Оның тар бөлігі жерге тиіп тұрады. Шаң мен қоқыстардан тұратын алып шұңғыма жасайды, төбесі бұлтпен астасады. 

Кішкентай торнадоның жылдамдығы 65-180 км/сағ және ені кем дегенде 75 метрге дейін жетуі мүмкін. 

Торнадо қалай пайда болады?
Торнадо найзағайдан туады және жиі бұршақпен бірге жүреді. Торнадоның пайда болуы үшін дауылдың бағыты мен жылдамдығын өзгертіп, көлденең айналу әсерін тудыратын жағдай болуы қажет. Бұл әсер пайда болғанда, дауыл кезінде ауа көтеріліп, тік конус пайда болады.

Торнадолардың пайда болуына ықпал ететін метеорологиялық құбылыстар түнге қарағанда (әсіресе ымыртта) күндізгі уақытта көбірек байқалады, ал ең жиі болатын уақыт жылдың көктемгі-күзгі айлары.

Торнадо сипаттамалары мен салдары:
Торнадо өздігінен көзге көрінбейді, бірақ дымқыл ауаға араласқан қоқыс пен шаң оған қою сұр түс береді.  Торнадо әлсіз және күшті дауылдар болып жіктеледі. Күшті торнадо барлық торнада түрінің 2 пайызын ғана құрайды. Бірақ көп жағдайда көп өлім мен шығын тіркеледі. Дауылды жел салдары мынадай болуы мүмкін:
● Адам, көлік, үйдің бөліктері дауылды жел арасына кетуі;
● Ұшып жүрген заттармен соғысу әсерінен жарақаттар;
● Ауыл шаруашылығына зиянын тигізеді;
● Үйлердің бұзылуы.

Метеорологтарға торнадоның уақытын нақты айта алмайды. Торнадоны бұлтты өзгерістерге қарай анықтауға болады. Мысалы, аспан кенеттен қоюланып кетеді, бұршақ жауып, қатты найзағай ойнайды.  

Сұрапыл дауыл дегеніміз не?

Сұрапыл дауылдар – жердегі ең қауіпті әрі алып құбылыстардың бірі. Сұрапыл дауылдың қайда пайда болатынына байланысты тайфун және циклон деп бөледі. Ғылыми атауы – тропикалық цикл. Сұрапыл дауыл деп Атлант мұхиты мен Тынық мұхитының шығыс бөлігінде пайда болатын тропикалық циклді атайды. 

Сұрапыл дауыл сипаттамалары қандай?
Пайда болған жарты шарына қарай сұрапыл дауылдардың жылжу аймағы да әртүрлі болады. Егер солтүстік жарты шарда пайда болса, ол сағат тіліне қарсы бағытта қозғалады. Ал, оң жарты шарда туындаған жағдайда, сағат тілімен қозғалады. Ауа тоқтаусыз қозғалып, тоғысқан сәтте ортада "сұрапыл дауылдар көзі" пайда болады. Ол жерде қысым төмен болады, жел де, ағын да болмайды.

Сұрапыл дауылдар жерге шыққан кезде әлсіреп кетеді. Олар мұхит энергиясымен қоректене отырып, өсе береді. Жерге шыққан кезде жоғалғанымен олар қауіп тудыра алатындай күшке ие.  

Сұрапыл дауылдар санаты:
1-санат
● Жел жылдамдығы сағатына 118-ден 153 километрге дейін жетеді.
● Зардабы аз, көбіне ағаштар, өсімдіктер, толық бекітілмеген үйлер зардап шегуі мүмкін. 
● Толқындар қалыпты ұзындықтан 1.32–1,65 метр жоғары.
● Жағалаудағы кей заттар зақымдануы мүмкін.

2-санат
● Жел жылдамдығы сағатына 154-тен 177 километрге дейін жетеді.
● Ағаштар мен өсімдіктерге зиянын тигізеді. Қорғалмаған электржеткізуші құрылғыларға әсерін тигізеді.
● Ғимараттардың шатырлары, есіктері мен терезелеріне айтарлықтай зиян келуі мүмкін. 
● Толқындар қалыпты ұзындықтан 1.98-2,68 метр жоғары.
● Жағалауға жақын жолдарды су басып қалады.
● Жағалауға жақын аймақты мекендейтіндерге эвакуация жұмыстары жүргізеді. 

3-санат
Жел жылдамдығы сағатына 178-ден  209 километрге дейін жетеді.
● Желдің әсерінен ағаштар құлап, кейбір ғимараттар зардап шегеді. Дұрыс бекімеген не жылжымалы үйлер бұзылады.
● Толқындар қалыпты ұзындықтан 2,97–3,96 метр жоғары. Аймақтарды су басады, жағалау жанындағы үйлер су астында қалады. 
● Теңіз деңгейінен 1,65 метр биіктіктегі немесе одан төмен жазықтар 13 км-ден астам ішкі аумақты су астында қалады. 
● Жағалау маңындағы аймақтарда эвакуация жұмыстары жүргізеді. 

4-санат
Жел жылдамдығы сағатына 210-нан 250 километрге дейін жетеді.
● Ағаштар құлап, аймақтағы белгілер желмен ұшады. Шатырлар, есіктер мен терезелер зақымданады.
● Кішкентай үйлердің шатыры толық опырылады. 
● Толқындар қалыпты ұзындықтан 4,29-5,94 метр жоғары. 
● Теңіз деңгейінен 3,30 метр биіктіктегі немесе одан төмен жазықтар 10 км-ден астам ішкі аумақты су астында қалады. 

5-санат
Желдің жылдамдығы сағатына 250 километр болады.
● Шығын өте жоғары: ағаштар  құлап, тамырымен жұлынады. Ғимарат құлайды, жарнама тақталарынан жел әсерімен ұшып кетеді. 
● Толқындар қалыпты ұзындықтан 4,29 - 5,94 метр жоғары.

Сұрапыл дауылдар мен торнадо арасындағы айырмашылық осындай. Сіз қай табиғи құбылыс адам баласы үшін ең қауіпті санайсыз?

Т. Есқали