Ш.Есенов атындағы қор аз қамтылған талапкерлерге 10 грант бөлді

Ш.Есенов атындағы қор аз қамтылған талапкерлерге 10 грант бөлді

Shakhmardan Yessenov Foundation жоғары білім алғысы келетін, бірақ қаржылық жағдайы оған мүмкіндік бермейтін мектептердің, балалар үйлерінің, колледждердің түлектеріне арналған жаңа «Өрлеу» бағдарламасының басталғаны туралы хабарлады. Аталмыш бағдарлама аясында 20-шы шілдеге дейін байқауға өтінімдер қабылданатын болады. 10 жеңімпазға қор бакалавриатта бір жылдық оқу ақысын төлейді. Жеңімпаздар қалай іріктелетін болады?

"Бағдарлама – аз қамтылған отбасылардан шыққан дарынды балалар үшін үлкен мүмкіндік. Еліміз үшін көп еңбек сіңірген академик Шахмардан Есеновтың туғанына 95 жыл толуына орай, мұқтаж жандарға көмек көрсету, олар үшін әлеуметтік саты болу маңызды деп санаймыз. Әрине, тек бір шартпен, егер олар шыныменде кедейліктің тұйық шеңберін бұзып, өмірінің сапасын жақсартқысы келсе. Бағдарлама ережесімен толығарақ біздің сайтта танысуға болады: yessenovfoundation.org", - деді қордың атқарушы директоры Айғаным Малишева.

Байқауға мемлекеттік грантқа ие бола алмаған, алайда жоғары білім алуға ұмтылатын мектеп оқушылары, балалар және жасөспірімдер үйлерінің, колледждердің түлектері немесе ерекше қажеттіліктері бар балалар қатыса алады. Ең маңызды критерийлер: төмен табыс, жақсы оқу үлгерімі және қатысушының мотивациясы. Бағдарлама ережесінде мәлімделгендей, қордың жоғары білім алуға арналған гранттарын жаратылыстану ғылымдарын, математика мен статистиканы, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, инженерлік, өңдеу және құрылыс немесе денсаулық сақтау салаларын таңдаған жастар иелене алады. Грант тек бір академиялық жылға бөлінгенімен, жыл сайын грант иегері байқауға қатысып, оқуын жалғастыру үшін оны қайтадан жеңіп ала алады.

"Біз мұны жастарды оқуда жақсы нәтижелерге ынталандыру үшін жасадық. Егер бірден бакалавриаттың 4 жылын төлесек, бұл мүмкін болмас еді", - деп қордың шешімін оның жетекшісі түсіндірді.

Бағдарлама қатысушылары оқуда жақсы үлгерімге ұмтылуы үшін қор оқу ақысын жоо-на семестрлер бойынша төлейтін болады, бұл жеңімпаздар үшін тамаша ынталандыру болып табылады, деп есептейді ұйым өкілдері. 2022-2023 оқу жылына оқу ақысы бойынша шектеусіз 10 грант бөлінді. Қосымша, қор басқа қаладан келген студенттерге қажет болған жағдайда тұрғын үй, тамақтану және интернет ақысын өтеуге айына 140 мың теңгеге дейін шәкіртақы төлейтін болады.

«Өрлеуге» өтінімдер қабылдау 20 шілде күні астана уақыты бойынша сағат 15.00-де аяқталады, ал жеңімпаздарды тамыз айында, мемлекеттік білім грантын жеңіп алғандар тізімі жарияланғаннан кейін бірнеше күн өткен соң анықтайтын боламыз», - деп бағдарламаның үйлестірушісі Айгерім Султан толықтырды.

«Өрлеу» бағдарламасының байқауы 2 кезеңде өтеді. Бірінші кезеңде қор қызметкерлері үміткерлердің құжаттарын зерделейді – үлгерімін, уәждемесін, қаржылық жағдайын бағалайды. Екіншісінде жеке және топтық онлайн сұхбаттар өтеді, білімдері мен жеке қасиеттері бағаланатын болады.

Барлығы, 2013 жылдан бастап – академик Ш.Есенов атын. ғылыми білім беру қорының құрылған жылы – 1700-ге жуық жас қазақстандықтар қордың тікелей грант иегері атанды.

А. Оралқызы