Ит тақырыбы арқау болған әдеби туындылар

Ит тақырыбы арқау болған әдеби туындылар
Фото: wolcha

Бүгін – "Дүниежүзілік үй жануарлары" күні. Адам алғаш рет итті қолға үйретті. Содан бері ит адамның сенімді досына айналды. Ит пен адам арасындағы достық, оның иесіне адалдығы, адам өмірін сақтап қалатын ерлігі әдебиетте талай шығармаға негіз болды. Жазушы Венди Хиллинг: "Қасыңызда ит болған кезде өзіңізді жүз пайыз біреуге қажет екеніңізді сезінесіз" дейді. Осыған орай Массагет порталы Ит тақырыбы арқау болған әдеби туындыларды ұсынады.

"Тазының өлімі" – Мұхтар Мағауин

Мұхтар Мағауиннің "Тазының өлімі" хикаяты адам ит арасындағы достықты, адалдықты көркем суреттейді. Шығарма 1969 жылы жазылып, "Жұлдыз" журналының 10 санында жарық көрген. Автор тазы – Лашын мен иесі Қазы арқылы қазақтың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпын, аңшылығын бейнелейді. Сыншылар бұл шығарманы қазақтың жойылып бара жатқан дәстүрін жоқтаушы шығарма деп есептейді.

Әдебиет сыншысы, профессор Серік Қирабаев: "Автор бұл шығарма арқылы ауыл өмірін жырлай келе, ондағы салт-дәстүр психологиясын тереңнен ашып суреттейді" дейді.

"Тектік сарын" – Джек Лондон,  (The Call of the Wild)  Аударған – белгілі жазушы Дидахмет Әшімханов

Тектік сарын Бэк атты иттің басынан өткен оқиғалар адам аяғы баспайтын, өркениеттен алыс жерлерде өтеді. Бэк адамдардың жақсылығы мен қордығын көп көреді. Түрлі шытырман оқиғаларға тап болады. Жалпы, хикаят адам мен ит достығын баяндайды. Осы арқылы Джек Лондон асқақ рухты насихаттайды.  Шығарма Бэктің адамнан бөлініп, қасқырлар тобына қосылып жаңа өмір бастауымен аяқталады.

"Ит жүрегі" (Собачье сердце) – Михаил Булгаков

Булгаков 1925 жылы "Иттің жүрегі" повесін жазды. Осы кезеңде озық ғылым жетістіктерінің көмегімен адам тұқымын жетілдіру идеялары өте танымал болды. Булгаковтың кейіпкері, әлемге әйгілі профессор Преображенский мәңгілік жастықтың сырын ашуға тырысып, аңды хирургиялық жолмен адамға айналдыруға мүмкіндік беретін жаңалық ашады. Алайда адамның гипофизін итке ауыстыру тәжірибесі мүлдем күтпеген нәтиже береді.

Оқиға 1924 жылы желтоқсанда Мәскеуде өтеді. Әңгіменің басты кейіпкері профессор Преображенский көшедегі Шарик деген итті үйіне әкеліп, жарасын емдеп, жазады. Бір апта өтеді. Шарик салмақ қосып, өзін жақсы сезінеді. Профессор итке эксперимент жүргізіп, адамға айналдырғысы келеді. Профессор өзінің көмекшісі доктор Борменталдың көмегімен иттің тұқымдық бездері мен гипофизді алып тастап, оның орнына адамның ұқсас мүшелерін салады. Өкінішке қарай, иттің ит болып қалуы жақсы екенін тәжірибе дәлелдейді.

"Муму" – Иван Тургенов

"Муму" – орыс жазушысы Иван Сергеевич Тургеневтің 1852 жылы жазылған әңгімесі.

Мәскеудегі Остоженкадағы үйлердің бірінде көптеген қызметшілері бар, бай ханым тұрады. Оның қызметшілерінің арасында аула сыпырушы Герасим ұзын бойымен, батыр тұлғасымен ерекше көзге түседі. Бірақ ол тумысынан керең және мылқау болады. Ауылдан келгеннен бері ол туған жерін аңсағанымен, қала тіршілігіне бірте-бірте үйреніп кетеді. Герасим еңбекқор, ауласында үнемі тәртіп бар.

Герасим 28 жастағы кір жуушы Татьянаға ғашық болады. Алайда, үнемі мас етікші Капитонның мінез-құлқын бақылаған ханым кенет оны тек неке түзете алады деп, Татьянаны оның әйелі деп шешеді.

Бір жылдан кейін Татьяна мен Капитон ханымның бұйрығымен ауылға жіберіледі. Герасим оларды Қырым бродына шығарып салып келе жатқанда судан күшік тауып алады. Герасим оны үйіне әкеліп, сүт беріп, "Муму" (ол айтатын аз сөздердің бірі) деп атайды. Уақыт өте келе Муму ауладағылардың бәріне сенімділікпен қарайтын, бірақ тек Герасимді жақсы көретін сүйкімді итке айналады.

Ханым итті жақтырмай, сатып жібереді. Бірақ көп өтпей қарғыбауымен Муму қайта қашып келеді.

Содан кейін қызметшілер аула сыпырушыға ханымның итті жақтырмайтынын барынша анық түсіндіреді. Герасим жауап ретінде бұл мәселені өзі шешетінін ашық айтады.

Бір сағаттан кейін Герасим Мумуды теңізге әкеліп батырып жібереді. Содан кейін ол үйге оралып, заттарын жинап, рұқсатсыз туған ауылына оралады.

"Каштанка" – Антон Чехов

"Каштанка" — орыс жазушысы Антон Павлович Чеховтың әңгімесі.

Каштанка иесі, ұста Лука Александричтен байқаусызда адасып қалады. Иесін әбден іздеп шаршаған ит белгісіз үйдің кіреберіс есігі алдында ұйықтап қалады. Оны кейінірек циркте жұмыс істейтін жұмбақ бейтаныс адам кездейсоқ тауып алады. Ол итті циркте өнер көрсетуге үйретеді. Каштанка жаңа лақап атқа ие болады. Ит бейтаныс ортада қаз – Иван Иванович, мысық – Федор Тимофеевич және шошқа – Хавроня Ивановна дейтін достар табады.

Мистер Джордж (бұл бейтаныс адамның аты еді) Каштанкаға әртүрлі трюктерді үйретіп, жаңа нөмірмен өнер көрсетуге тырысады. Бірақ қаз қайғылы түрде өледі (анықталғандай, оны байқаусызда ат басып кеткен екен) және Каштанканың дебюті сәтсіз аяқталды. Қойылым кезінде ит өзінің бұрынғы қожайындары – Лука Александрич пен оның ұлы Федюді көрермендер арасынан танып, соларға оралады.

"Барсик" – Мақсат Мәлік

Алматыда тұратын бас кейіпкер бір күні үйінің ауласындағы орындықта ұйықтап қалады. Оны Барсик деген ит адамша сөйлеп оятады. Алғашында әйелім деп ойлаған ол итті көріп шошып кетеді. Содан кейін ол өзін жан-жануардың тілін білетін Сүлеймен пайғамбардың қасиеті қонған шығар деп есептейді. Барсикпен сөйлесу кезінде иттердің барлығы адам тілінде сөйлей алатынын біледі.

Содан бастап кейіпкер қала шалғайындағы үйіне асығатын болады. Бар діттегені Барсикпен сөйлесу. Қала сыртындағы жаңадан бой көтерген ауыл болғандықтан, бұл маңайда сейіл құратындай арнайы жер жоқ. Шаңын бұрқылдатып көшенінің ана шетін бір, мына шетіне шығып ол Барсикпен сырласады. Былайғы кезде ешкімге сыр алдырмайды. Барсик ол үшін оқыстан жарқ еткен екінші әлем еді.

Бір күні екеуі ауысып екі әлемді көргісі келеді. Барсик сол күннің ертеңіне адамға айналып қалаға кетеді. Бас кейіпкер ит болып үйде қалады. Алғашында бір күн деп келісілгенімен, адам кейпіндегі Барсик үш күннен соң қаладан бір-ақ оралады. Бұл үш күн ішінде ол иттер өмірімен танысады.

Қаладан үреймен келген адам кейпіндегі Барсик қайтадан итке айналып, ертеңіне жоғалып кетеді.

"Ит" – Есбол Нұрахмет

Жас жазушы Есбол Нұрахметтің "Ит" новелласы күшік кезінен асырап алған иттің өсе келе ауыл қойына шабуып, оны адамдардың өлтіруі туралы. Ауыл адамдары итті өлтірмекші болып әртүрлі айла жасайды. Басында елсіз жерге қуып жібереді, дәрімен уламақшы болады. Бірақ мұның бәрі нәтиже бермейді. Соңында Алмастың ағасы итті ұстап алады да, оған "мен ұстап тұрамын, сен күрекпен ұрып өлтір" дейді. Бұл келіседі. Итті ұрып өлтіру соншалықты қиын емес деп ойлаған ол өлтіретін кезде кәдімгідей қиналады. Бірнеше күннен кейін ауыл адамдары тағы бір қаңғыбас итті алып келеді. Бұлар – ағасы екеуі тағы сондай тәсілмен оны да ұрып өлтіреді.

Ержетіп қалаға келген Алмас сыраханада отырып басынан кешкен олсы оқиғаны досына айтып бергісі келеді. Итті өлтірер кезде оның көзінде өмір оты Алмастың мәңгі есінде қалып қойған еді.

"Иттің жасы"  – Досхан Жылқыбай

Бұл әңгімені оқып шыққан кезде ең бірінші "автор тақырыпты неге "Иттің жасы" деп қойды" деп ойларыңыз анық. Расында да қызғаныш иектеп, "дымға жарамыз" қу сүйекті құшақтап жатқан иттің әңгіме желісіне не қатысы бар? Апасы мен жеңгесінің арасындағы түсініспеушікке себеп болған ескі тоңазытқыштың сыры неде? Сезім сергелдеңіне түсіріп, алғашқы махаббат арпалысын бастан кешірген көрші қыз хикаясының тотығы шыққан тоңазытқышпен не байланысы бар? Бұлардың барлығы "Иттің жасын" оқығанда айқындалады. Иттің жасы дәстүр сабақтастығы дейтін ұғымды дәріптейтін әңгіме.

Т. Раушанұлы