"Ақындар мен батырлар елі" атты сурет көрмесі өтті

"Ақындар мен батырлар елі" атты  сурет көрмесі өтті

2022 жылдың 30 наурызы күні Алматы қаласындағы АлМУ-дың, көркемөнер институтының сурет галлереясында Жамбыл ауданының белгілі суретшілері Ә. Искаков, А. Манапов, М. Тотеевтің шығармаларына арналған "Ақындар мен батырлар елі" атты сурет көрмесінің ашылу салтанаты болып өтті.

Жиында педагогика ғылымдарының профессорлары Б. Әлмұхамедов, Т. Қожағұловтар сөз сөйлеп, көрме иелеріне шығармашылық табыстіледі.

Сөз кезегін алған өнер танушы ғалым ҚР суретшілер одағының мүшесі Ә. Қастеев атындағы көркем өнер музейінің аға ғылыми қызметкері Жұбаниязова Гүлнар Жамбыл ауданынан шыққан үш суретшінің картиналарының ерекшеліктеріне тоқталып, жақсы пікірін білдірді.

Көрмеге көптеген суретшілер пен қатар педагогика саласының мамандары және жоғарғы оқу орнының өнер факультетінің студенттері қатысты.

Институт директоры Т. Қожағұлов жиын соңында Ә. Искаков пен А. Манаповқа көркемөнер институтының каталог кітабын табыс етсе, жас суретші М. Марат Тотеевтің өңіріне өнер институтының 50 жылдық медалін тақты.

"Көрме өте жақсы деңгейде өтті. Белгілі өнер иелері мен өнер институтының студенттері аталған шарадан жақсы әсер алғандарын жеткізді. Суретші ретінде өзім де осы көрмені ұйымдастырып, біздің өнерімізді бүкіл Республикадан келіп өнерден білім алып жатқан жастарға насихаттап жатқан АлМУ-дың өнер институтының басшыларына алғысым шексіз. Тағы да бір жақсы жаңалығы мұндай көрмені болашақта да жалғастырып, осы өнер институтын бітірген біз сияқты түлектер үшін, көрме өткізу тегін екен. Ол үшін де осы оқу орнының басшыларына алғыстан басқа айтарым жоқ", - дейді суретші.

Көрменің негізгі мақсаты қазақ бейнелеу өнерін дамытып, жастарға рухани тәрбие беру. Осы көрмеге шығармаларын қойып отырған үш суретші де қазіргі Қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік орны бар өнер иелері. Әуелбек Искаков Пен Марат Тотеев ҚР суретшілер одағының мүшесі болса Ахат Манапов белгілі суретші-мүсінші. Көптеген ескерткіш комплекстердің авторы. Үшеуі де бірнеше мәрте Республикалық, Халықаралық көрмелер мен плэнерлерге қатысқан.

Аталған көрмені сәуір айының 20-на дейін тамашалауға болады.

Т. Раушанұлы