"Мұқағали" фильмі халықаралық фестивальде жүлделі орынға ие болды

"Мұқағали" фильмі халықаралық фестивальде жүлделі орынға ие болды
Фото: Казахфильм

Режиссер Болат Қалымбетовтің "Мұқағали" көркем фильмі Таллинде өткен 25-ші "Қара түндер" (PÖFF) кинофестивалінде қазылар алқасының экуменикалық жүлдесін жеңіп алды. Бұл туралы кеше Эстония концерт залында өткен марапаттау рәсімінде фестивальді ұйымдастырушылар мәлімдеді.

"Фильмнің поэтикалық тілі ең нәзік тақырыптарды адам жанының тіліне аударуға мүмкіндік береді. Фильм нағыз рухани құндылықтарды дәріптеуге жол ашады", - деді қазылар алқасының өкілдері.

Еске сала кетейік, қазақтың белгілі ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған "Мұқағали" картинасы оның өмірінің соңғы жылдарын баяндайды. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген.

Таспаның сценарийін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, режиссер Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыров бірге жазған. Кинотуынды Қазақстанда 2021 жылдың 21 қазанында прокатқа шықты.

Т. Раушанұлы