"Бір қызға 9 ән жаздым". Құрмаш Махан хит туындыларының тарихын айтып берді

"Бір қызға 9 ән жаздым". Құрмаш Махан хит туындыларының тарихын айтып берді
Фото: qazaqconcert.kz

Танымал әнші әрі композитор Құрмаш Махан "Қызық LIVE" бағдарламасында қонақ болып, өзінің хит әндерінің шығу тарихы туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Бағдарламада Құрмаш Маханның хит әндеріне ерекше екпін қойылды. Оның сөзінше, кез келген туындының музасы болады. 

"Әрине, әндерімнің кейіпкері жоқ емес. Кезінде бір қызға арнап, 9 ән жаздым. Ол әндердің ішінде "Аяулым", "Аңсарым", "Жан сырым" және "Кездесу мен қоштасу" сынды туындылар бар. Бұл әндердің барлығы тыңдарманның көңілінен шығып, ерекше бағаланды. Бір адамның өзі осындай шабыт бере алады", - дейді ол.

Сонымен қатар, әнші бұл әндердің нақты кімге арналғанына тоқталды.

"Қазақтың қарапайым қызы, біздің Жамбыл облысының тумасына арналды. Біз бес жыл бірге жүрдік, 1995-2000 жыл аралығында. Сол аралықта талай ән жазылды. Мысалы, "Жан сырымды" туған күніне жаздым. Дәл сол күні әнге вальс биледік. Енді нақты түрін түстеп, атын әйгілеудің қажеті жоқ шығар. Оның өз бала-шағасы бар, менің өз отбасым бар", - деді Құрмаш Махан.

М. Жәмішжанов