Халық өмірінің панорамасын жасаған суретші

Халық өмірінің панорамасын жасаған суретші

Егер кескіндеме мен графика өнері туралы айтар болсақ, онда Қазақстандағы сурет өнерінің кәсіби мектебі ХХ ғасырдың 20-шы жылдары құрылды, ал оның қайнар бастауында Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеев тұрады. 14 қаңтар – Қазақстанның Халық суретшісінің туған күні.

Суретші адам жанын, оның шаттығы мен мұңын, қуанышы мен сүйінішін, ішкі ой арпалысын тереңнен түсіне білген және айналадағы табиғат құбылыстарымен адам көңіл-күйін шендестіре отырып, өз шығармалары арқылы соларды көпшілікке шебер жеткізе біледі.

Ә.Қастеев – қазақ мәдениетінің таным тарихы. Ол – рухани тарихтың құрамындағы өзінше жеке өзек секілді. Ол – өз дәуіріндегі өзіне ғана тән жолмен, өзіне ғана тән дара өнермен қазақ мәдениетін жаңа кезеңге көтерген хас шебер. Шебердің өнері ортақ болғанымен, сыры құпия.

Ұлы суреткердің әрбір шығармасы – бір әлем. Суретші Ә.Қастеев халық өмірінің панорамасын бейнелейтін тарихи шығармаларының біртуар таланты.

Оның қаламынан туған тарихи адамдардың живопистік портреттері немесе Түркісіб темір жолына қатысты, Жетісу табиғатының ең бір сұлу көркем жерлерінің суреттері адамға эстетикалық әсер берумен қатар, тарихын да көркемдікпен көркейтіп жатады.

Ә.Қастеев көшпенділердің өмірін ғажап кестелей білген. Осы орайда әсіресе төрт түлік бейнелерін өз ырғағымен, түр-сипатымен әсем келістірді. Ә.Қастеев кереметі – халықтығында, өміршеңдігінде, жасампаздығында.

Қазақ өнеріне еңбегі сіңген Әбілхан Қастеев ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін 1973 жылы 2 қарашада қайтыс болады. Оның жоғары идеялыққа, терең халықтық және өмір шындығына толы өнері халыққа кеңінен танылып, сүйіспеншілікке бөленді.

Ә.Қастеев – бүгінгі таңда да біздің замандасымыз. Бүкіл жан-тәнімен әрқашан халықпен бірге болған ол оның ең таңдаулы қадір-қасиетін бойына сіңіріп, сол арқылы болмыс пен уақыт шындығын замандастары мен келер ұрпаққа баяндап берді. Халықпен осы етене жақындығының нәтижесінде оның өмірі мен өнері мәңгі жасарған күйі көз алдымызда тұра бермек.

Egemen.kz

Қ. Слямбек