Данияр Елеусінов аргентиналық боксшымен жұдырықтасатын болды

Данияр Елеусінов аргентиналық боксшымен жұдырықтасатын болды

Данияр Елеусіновтің жартылай орта салмақтағы IBO белбеуі үшін кездесудегі жаңа қарсыласының есімі белгілі болды. 

Vesti.kz тілшісінің порталына боксшының менеджері Зия Алиевтің берген мәліметі бойынша, 30 жастағы қазақстандық боксшының келесі қарсыласы 28 жастағы аргентиналық Хуан Эрнан Леал болады. 

Бұл кездесу 18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Аталған айқас Елеусінов үшін кәсіпқой бокста Қазақстанда өткізетін бірінші кездесуі болады. Одан бөлек, отандасымыз толыққанды әлем чемпионы атағына да бірінші мәрте таласады. 

Аргентиналық Эрнан Леал болса кәсіпқой бокста он кездесуде жеңіске жеткен. Ол екінші мәрте шет елде жекпе-жек өткізейін жеп жатыр. Бір жыл бұрын аргентиналық боксшы Бразилия жерінде Фернандо Луиш Пинтоға қарсы WBO Latino белбеуіне таласып, үстем түскен. 

Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) рейтингі бойынша Эрнан Леао 15-орында тұр. 2021 жылы Леал Argentina (FAB) белбеуі үшін жекпе-жек өткізіп, жеңіс тойын тойлаған. Енді ол әлем чемпионы атағына таласуға мүмкіндік алды. 

Жалпы аргентиналық боксшы Данияр үшін қауіпті ме? Ол осы уақытқа дейін 16 айқас өткізіп, бір рет ғана ұтылған. Оның өзін ұпаймен жеңілген. Дегенмен ол 15 жеңісінен тек төртеуінде ғана қарсыласын нокаутпен ұтқан. 

28 жастағы Леал дәл қазір әлемдің рейтингте 84-орында болса, 30 жастағы Елеусінов 32-сатыға жайғасқан. Дегенмен де екі боксшы осы уақытқа дейін 12 раундтық кездесу өткізбеген. Аргентиналық үш кездесуде 10 раунд жұдырықтасса, отандасымыз бір рет ғана сегіз раунд өнер көрсеткен. 

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Jekpe Jek сарайында өтетін бокс кешінде 13 кездесу болады. Елеусіновтің алдында шаршы алаңға аса ауыр салмақта сынға түсетін отандасымыз Иван Дычко шығады. Оның қарсыласы –  ресейлік Александр Устинов

Сонымен қатар, осы шоуда тұңғыш рет 55,3 келі салмақта Ержан Залилов пен Ескендір Харсан арасындағы Қазақстан чемпионы белбеуі сарапқа салынады. Дәурен Елеусінов болса әзірбайжандық Али Мамедовпен жұдырықтасады. Одан бөлек, Жанқош Тұраров та жанкүйерлерге өз өнерін паш етеді. Бірақ оның қарсыласы әлі белгілі болмады. 

18 желтоқсан күні Ангелина Лукас кәсіпқой бокста дебютін жасайды. Ол украиналық боксшы Алена Гурьевамен жолығады. 

Жекпе-жек кешінің андеркартында 28 жастағы Дәулет Дәукенов (9-2, 4КО) 34 жастағы ганалық Анама Доцемен (18-4, 17КО), 32 жастағы Айдар Шәрібаев (8-1, 7КО) 25 жастағы ресейлік Шохрух Абдиевпен (9-2-1, 3КО), 27 жастағы Николай Шваб  (7-0, 3КО) 35 жастағы ганалық Натаниэль Нукпемен (13-8-1, 13КО), ал Сапарбай Айдаров (5-0, 2 КО) 24 жастағы украиналық Всеволод Слипченокмен (4-2, 1КО) қолғап түйістірсе, Асхат Жантұрсынов (5-0, 4 КО), Айдар Әмірзақов (0-1) және Ақниет Әлібайдың (дебют) қарсыластары енді анықталады. 

Н. Үсенова