Қызыл, жасыл, көк: Көлікке қай антифризді құйған жөн?

Қызыл, жасыл, көк: Көлікке қай антифризді құйған жөн?
Фото: www.auto-poltava.com

Көлікке антифриз сатып алайын деп іздесеңіз, қызыл, жасыл және көк түсті антифриздерді көріп, қайсысын таңдарымызды білмей қаламыз. Кейде шатастырып алуымыз да мүмкін. Ендеше қай көлікке қай антифризді құямыз, соны қарастырып көрейік.

Антифриз – көліктің қозғалтқышын салқындатуға арналған сұйықтық. Бұрынғы көліктерге антифриз емес, кәдімгі су құйылатын. Кейінгі көліктерге тосол дейтін сұйықтық құйырылып жүрді. Қазір мұның орнына антифриз құйылады. Заманауи өнім болып саналады.

Антифризді немістің VAG концерні ойлап тапқан. Суытқыш сұйықтың үш жүйесін жасап шықты: G11, G12 және G13.

13-ші модель қазір көп қолданылмайды. Көбіне G11, G12 түрлерін сатып алады. G11-дің түсі – жасыл не көк, G12-тің түсі – қызыл. Өндірушілер екі антифризді айырып көрсету үшін бірін жасыл, енді бірін қызыл түспен бояп шығаратын болған. Сатып алушыларға оңай болуы үшін осылай істеген.

Екі антифриздің жұмсалымы әртүрлі, яғни әртүрлі моторға құйылады.

G11

Жасыл антифриз көбіне ескі көліктерге арналған. Қозғалтқыштың суыту жүйесі мыс пен латуннан жасалған бұл көліктерге "жасылды" құйған әлдеқайда дұрысырақ. Жасыл антифризге бөлшектердің сыртқы бөлігін коррозиядан сақтауға көмектесетін қоспа қосылады.

Айта кетерлігі, жасыл антифризді жиі ауыстырып тұру керегі. Шамамен, жылына 1-2 рет ауыстырып тұрған жөн.

G12

Қызыл антифриз жаңа көліктерге арналған. Қазіргі көліктердің суыту детальдары болат пен алюминийден жасалады. Темірді шірітетін – кәдімгі су. Сондықтан бұл антифриздерге судың қышқылдануын болдырмайтын карбоксилат қоспалары қосылады.

Екеуінің айырмасы осыда.

Қ. Слямбек