Студенттер арасында ұлттық пікірсайыс турнирі басталды

Студенттер арасында ұлттық пікірсайыс турнирі басталды

4 желтоқсан Нұр-Сұлтан қаласында  студенттер арасында ұлттық пікірсайыс турнирі өз жұмысын бастады.

М. Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ-де Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күніне арналған Ұлттық пікірсайыс турнирінің ашылуы өтті.

Ұлттық турнир Нұрсұлтан Назарбаев Қоры "Елбасы академиясының" қолдауымен өтуде. Турнир ұйымдастырушылары – Ұлттық пікірсайыс федерациясы.

Федерация баспасөз қызметінің мәліметінше, турнирге өз өңірлерінде іріктеу кезеңдерінен өткен 80 пікірсайысшы қатысуда. Ағымдағы жылдың 1-23 қарашасы аралығында барлық Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында іріктеу кезеңдері өтіп, жалпы 530 пікірсайысшы арасынан үздіктері анықталды. Турнирге ЖОО бөлек, колледж студенттері де қатысады.

Турнир американдық және британдық парламенттік форматта қазақ және орыс тілдерінде  ұйымдастырылып, турнирдің үздік спикері Линкольн-Дуглас форматы бойынша анықталады.

Турнирдің ашылу салтанатында Елбасы академиясының басқарушы директоры Мұрат Жұманбай, ҚазГЗУ ректоры, Нұр-Сұлтан қалалық Мәслихатының депутаты Талғат Нәрікбаев, Ұлттық пікірсайыс федерациясының президенті Болат Бұхарбай қатысты.

"Соңғы жылдары елімізде барлық облысты қамтитын ұлттық деңгейдегі студенттік пікірсайыс турнирі өткізілген жоқ. Бұл Турнирдің  ерекшелігі – еліміз бойынша өз өңірлерінде жеңіске жеткен ең үздік командалардың қатысуы. Елбасы Академиясы алдағы уақытта да пікірсайыс қозғалысын қолдайтын болады", - деп атап өтті Мұрат Жұманбай.

Елордаға жиналған үздік пікірсайысшылар екі күн бойы қазақ және орыс лигаларында жүлделі орындарға өзара бақ сынаспақ. Айта кетерлігі, екі күн бойы жалғасатын республикалық турнирдің жалпы жүлде қоры 2 000 000 теңгені құрайды.

Қ. Слямбек