Ақмола облысында жантүршігерлік қылмыс тергеліп жатыр

Ақмола облысында жантүршігерлік қылмыс тергеліп жатыр
Фото: ©elements.envato.com

Ақмола облысында жантүршігерлік қылмыс тергеліп жатыр, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, Жабай өзеніне қармақ салған балықшылар әйел адамның қапқа салынған дене мүшелерін тауып алған. Атбасарлықтардың зәресін ұшырған оқиға орнында полиция әлі де жұмыс істеп жатыр.

Жабай өзені жағасында демалып жатқан балықшылар таң ата қамыс арасында жатқан аузы буылған қапты байқап қалған. Ортаға алып шығып, ашқанда, зәрелері ұшқан. Онда адамның бөлшектелген дене мүшелері салынған екен. Аяқ-қолдары мен санын кескілеп, қапқа тығыздап тасталған.

Полицейлер айуандықпен өлтірілген адам Атбасар қаласының 25 жастағы тұрғыны екенін анықтаған. Көршілері марқұм сәуірден бері көрінбей кеткенін айтқан. Қазір полиция сүңгуірлермен өзеннен марқұмның басы мен өзге де дене мүшелерін іздестіріп жатыр. Қанды оқиғаға қатысы болуы мүмкін күдікті қамауға алынған.

"Бұл дерек бойынша "Адам өлтіру" бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, соталды тергеу басталды. Жедел-іздестіру шаралары кезінде күдікке іліккен 31 жастағы ер адам ұсталып, уақытша тергеу абақтысына қамалды. Ол - марқұмның азаматтық некедегі күйеуі. Басқа мәліметтер тергеу жүріп жатқан соң әзірге жарияланбайды", - деді Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнар Пинчук.

Ж. Қадыржанова