"Алматы жастары" бағдарламасына қосымша іріктеу басталады

"Алматы жастары" бағдарламасына қосымша іріктеу басталады
Фото: ru.freepik.com

«Алматы жастары» қалалық жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасына қатысу үшін 2022 жылдың 10-14 қазан аралығында қосымша өтінімдер қабылданады. 

Бұл жолы «Алматы жастарына» ағымдағы жылдың (2022 жылғы 18 мамыр мен 1 маусым аралығында) негізгі конкурстық іріктеу кезеңінде өтінім берген, бірақ құжаттардың дұрыс толтырылмауына/рәсімделмеуіне/берілмеуіне байланысты өтпеген өтініш берушілер ғана қатыса алады.

Биыл бағдарлама бойынша барлығы 1000 несие қарастырылды. Бұл бағдарламаның екінші кезеңінде "Отбасы банк" АҚ-ның ішкі құжаттарына сәйкес төлем қабілеттілікті растау керек болатын. Бұл кезеңнен тек 863 қатысушы ғана өтті. Енді қалған 137 орынға 5225 қатысушы үміткер бола алады (тізім сайттың басты бетінде «Өтінімдері редакциялауға жіберілген қатысушылар ТІЗІМІ» бөлімінде орналастырылған).

"Алматы жастары" бағдарламасына қатысу үшін қажетті құжаттар тізімі:

- Өтініш жазу;
- Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеудің сканерленген куәлігі (балалардың туу, қайтыс болу, неке қию, некені бұзу);
- "Электрондық үкімет" веб-порталынан алынған өтініш берушіге және барлық отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасы бойынша жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтамасы;
- "Электрондық үкімет" веб-порталынан алынған соңғы 1 жылға зейнетақы аударымдары туралы үзінді;
- Ресми бланкідегі жұмыс орнынан анықтама;
- Еңбек өтілін растайтын құжаттар;
- БАҚ-қа есепке қою куәлігі (аталған талап тек журналистер саласының қатысушыларына қатысты);
- Қосымша (болған жағдайда) Алматы қаласы Мәдениет басқармасынан растайтын анықтамалар (құжаттар) (аталған талап тек қана мәдениет саласындағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған қатысушыларға қатысты).

Құжаттарды 2022 жылдың 10-14 қазаны аралығында almaty-zhastary.kz сайтына енгізу қажет. Қатысушы тізімге сәйкес барлық құжаттарды жаңартуы тиіс. Сондай-ақ осы уақыт аралығында қатысушылар өтініштер мен құжаттарды қайта өңдей алады және өзгерте алады.

А. Жапатова