Бублик пен Недовесов ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты

Бублик пен Недовесов ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Аделаида (Аустралия) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 25, осы жарыстың 4-ракеткасы, италиялық Лоренцо Музеттимен шеберлік байқасты. 

Бірінші партияда Бублик қарсыласынан басым болды – 6:3. Екінші сет барысында италиялық спортшы алға кеткенімен, Александр таразы басын теңестіре алды. Бірақ тай-брейкте жиірек қателесті – 6:7 (4:7). Тартысқа толы үшінші партияда Александрдың мерейі үстем болды. Ол Музеттиді 7:5 есебімен қапы қалдырды. 

2 сағат 35 минутқа созылған теннис додасында Бублик 17 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың бесеуін құр жібермеді. 

Отандасымыз финалға шығу үшін рейтингіде 62-сатыдағы ұлыбританиялық Джек Дрейпермен ойнайды.

Ал Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 46-ракеткасы Александр Недовесов Аделаидағы осы турнирдің жартылай финалына шықты.

Қазақстандық теннисші эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге ширек финалда германиялықтар Константин Францен – Хендрик Йебенс жұбымен шеберлік байқасты. 

Бірінші партияны қазақстандық-эквадорлық дуэт 6:3 есебімен тәмамдады. Екінші сетте де дәл осы есеп (6:3) тіркелді. 

Енді Недовесов – Эскобар финалға шығу үшін жарыстың 2-ракеткалары, үндістандық Рохан Бопанна – аустралиялық Мэттью Эбденмен күш сынасады. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан