русский язык
Теннис

Тарихи отанымды ұмытқан емеспін – жас теннисші Соня Жиенбаева

Тарихи отанымды ұмытқан емеспін – жас теннисші Соня Жиенбаева
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстандық жас теннисші Соня Жиенбаева таяуда алғаш рет ересектер арасындағы ITF World Tennis Tour турнирінде чемпион атанды. Сонымен қатар С.Жиенбаева жаөспірімдер арасында әлемдік рейтингіде 30-орында тұр.

Қазақстандық теннисші осынау тырнақалды табысы мен болашақ ой-жоспарлары жөнінде Kazinform тілшісіне әңгімелеп берді.

- Соня, ересектер арасындағы алғашқы жеңісіңіз құтты болсын! Бұл 17 жастағы теннисші үшін аса маңызды шығар?

- Көп рахмет, қазақстандық БАҚ өкіліне бірінші рет сұхбат беріп отырмын. Мен бастапқы кәсіби титулға қол жеткізгеніме қуаныштымын, өйткені мұның оңайлықпен келмейтінін жақсы білемін. Анталия менің жүрегімде әрдайым сақталады, өйткені осында ересектер арасында алғашқы жүлдемді жеңіп алдым. Шынымды айтсам, бұдан да зор табыстарға жетемін деп ойлаймын, себебі өз командаммен бірге атқарып жатқан жұмысым өзінің игі жемісін беруі мүмкін.

- Өткен жылы тарихи отаныңызға оралып, Қазақстан азаматтығын алуға бекіндіңіз. Бұл өз шешіміңіз бе?

- Мен Алматы қаласында дүние есігін аштым, анам – қазақ, әкем – неміс. Үш жасқа толғанда, Германияға кетіппіз. Ол елде тұрсам да, Қазақстанды ешқашан ұмытқан емеспін. Өйткені мұнда көптеген туыстарым тұрады, сондықтан тарихи отаныммен байланысты үзген емеспін. Иә, Қазақстан азаматтығын алу менің өз шешімім болды, оған еш өкінбеймін. Мен екі жасқа толғанда, әкеммен бірге Алматыдағы кортқа бардым. Сондықтан алғашқы қадамымды Қазақстанда жасадым.

- Қазақстан құрамасына үйреніп кеттіңіз бе? Әлеуметтік желіде Аружан Сағындықова, Асылжан Арыстанова, Әмір Омарханов секілді жас теннисшілермен тіл табысқаныңыз көрініп тұр, солай ма?

- Бәрі керемет, командадағы достарымның жылы қабылдағанына бек ризамын. Мен кішкентай болған кезде анам қазақстандық ойыншыларға ерекше құрмет білдіретін. Сондықтан олардың көбімен жасөспірім кезінде-ақ танысып, араласып кеттім.

- Жуырда Қазақстан құрамасы Билли Джинг Кинг кубогінің іріктеу матчында Жапонияға есе жіберді. Қараша айында команда әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде бақ сынамақшы. Құрамаға шақырса, баруға дайынсыз ба?

- Ел намысын қорғау – әр спортшы үшін үлкен құрмет. Мен мұндай мүмкіндік туу сәтін асыға күтемін. Ұлттық құраманың алға қойған мақсатына жетуіне көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын.

- Соня, алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Биыл маусым айында 18-ге толамын. Сондықтан ITF жасөспірімдер турындағы жарыстарды аяқтаймын. Алда жасөспірімдер арасында үш «Үлкен дулыға» турнирі тұр. Соның біріншісі – Ролан Гаррос иек астында. «Үлкен дулыға» додасында ойнаудың әсері бөлек. Келесі жылдан бастап ересектер арасындағы жарыстарға қатысамын. Маған қолдау көрсеткені үшін Болат Өтемұратов бастаған Қазақстан теннис федерациясына, барша жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін бар күшімді саламын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;