Астанада 4 алаяқтық-орталық анықталып, 170 ноутбук тәркіленген

Тәркіленген құрылғылардан қашықтықтан қолжеткізуге арналған қосымшалар, фишингтік сайттарға сілтемелер бар файлдар, ІР мекенжайларды өзгертуге арналған қосымшалар табылды

Нұрдәулет Кәкіш
28/03/2024 - 17:09

Фото: paysera

Фото: paysera

Астанада 4 алаяқтық-орталық анықталып, Алматы облысында 2 қазақстандық алаяқ ұсталған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлімдеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында былтыр Астана қаласында 4 алаяқтық-орталық жойылды. Олардың алыс-жақын шетелдерге байланыс жасап отырғандары анықталды. 170-тен аса ноутбук, арнайы қорғалған жабдықтар тәркіленді. Тәркіленген ноутбуктар мен басқа да құрылғылардан қашықтықтан қолжеткізуге арналған қосымшалар, фишингтік сайттарға сілтемелер бар файлдар, ІР мекенжайларды өзгертуге арналған қосымшалар табылды. Тергеу шеңберінде сараптамалар тағайындалып, халықаралық сауалдар жолданды. Шетелдік әріптестерімізбен бірге өзге де жәбірленушілерді анықтау шаралары қабылдануда», - деді ол.

Сонымен қатар ол отандастарымыздың алаяқтық схемаларға қатысуы туралы деректердің анықталғанын атап өтті.

«Алматы облысында банктердің қызметкерлерінің атынан жасалатын интернет алаяқтық жасауға қатысы бар екі қазақстандық азамат ұсталды. Олар қазақстандық байланыс операторларының сим карталарын сатып алып, алаяқтарға уатсап-месенджерлерін іске қосу үшін кіру кодтарын берген. Осы үшін олар 700 доллардан 1200 долларға дейін сыйақы алып отырған. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде», - деді орталық бастығы.

×

Редакция

$ 439.4  473.54  4.76