«Некесін сақтауға тырысатын»: Нүкенованың бауыры әпкесі мен Бишімбаевтың қарым-қатынасы туралы айтты

Бауыры бұған дейін әпкесіне «ондай соққылармен өлтіреді» деп ескерткен

Sarbaz.kz редакторы
29/03/2024 - 14:28

Фото: Астана сотының баспасөз қызметі

Фото: Астана сотының баспасөз қызметі

Салтанат Нүкенованың бауыры Айтбек Амангелді әпкесінің Бишімбаевпен қалай кездесе бастағанынан бастап айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Салтанат – менің жалғыз әпкем. Бізде ешқандай құпия болған жоқ. 2022 жылдың тамыз айының соңында ол бір жігіттің оған кеңес алуға жазылуға тырысып жүргенін айтты (Салтанат Нүкенова астролог болған). Ол ер адамдарды қабылдамайтын. Бірде қабылдауына әйел адам жазылып, бірақ оның орнына Қуандық келген. Ол оған хабарлама жаза бастады. «Салтанат, мен туралы пікір қалыптастыруға асықпаңыз. Мен туралы жазбаларға сенбеңіз, өз пікіріңізді қалыптастырыңыз, кеңесейік» деп жазды Қуандық», - деді Айтбек Амангелді.

Қуандықтың ол әрекеттеріне басында аса мән бермегенін тілге тиек еткен Айтбек Салтанат Нүкенова ата-анасын Бишімбаевтың жақсы адам екеніне қалай сендіргенін айтты.

«Салтанат ата-анамызды бұрын болған жағдайға (оның өткеніне) назар аудармауларын сұрады. Ата-анамыз оны қолдады. Ол өз өміріне өзі жауапты, өзі шешім қабылдай алатын ересек адам болатын. Олар оған кеңес берді, әрине, ол да ғашық болды», - деді бауыры.

Сонымен қатар Айтбек 2023 жылдың 20 наурызында Салтанаттың оған бетінен соққы алған суретін жібергені туралы айтты.

«Сол суреттерді көргенде Салтанат үшін қорқып кеттім. Бірден оған қоңырау шалдым. Ол жауап бермеді. Содан кейін Қуандыққа қоңырау шалдым. Ол тұтқаны көтеріп: «кел, сөйлесейік, үйдің алдында кездесейік» деді. Мен бірден сыртқа шығып, үйдің ауласына барып, оны күттім, Қуандық келмеген соң үйге кіріп, есікті қақтым. Оның бұрынғы әйелінен туған қызы Рания есікиі ашты. «Салтанат қайда?» деп сұрадым. Бірақ пәтерде Раниядан басқа ешкім болған жоқ», - деп еске алды бауыры.

Айтбек Амангелдінің айтуынша, сол кезде Бишімбаев пәтерге көтерілген. Әңгіме барысында Қуандық олардың отбасындағы жағдайға араласпауды өтінген.

«Ол мені итеріп жіберді. Төбелесіп қалдық. Есік пен ыдыс-аяқтар сынды. Мен бұл суреттерді оның анасына жіберетінімді айттым. Одан Салтанаттың қайда екенін сұрағым келді», - деді ол.

Содан кейін Қуандық Бишімбаевтың анасына қоңырау шалып, ұлының Салтанатты ұрып-соғып, қазір әпкесін таба алмай жүргенін айтқан. Бірақ бұл жағдай құдағиын аса таң қалдырмаған тәрізді.

«Оның анасы мені тыныштандыра бастады. Ол Салтанатта үшінші қабаттағы пәтердің кілті бар екенін айтты. Ата-аналарының өздері басқа қалада болды. Анасы Салтанаттың үшінші қабатта болуы мүмкін екенін айтты. Мен ол өзін жайсыз сезініп, өліп қалуы мүмкін деп ойладым. Есікті қағып, қоңырау шалдым, ол телефонды алмады. Полицияға қоңырау шалып, маған көмек керек екенін, әпкемді күйеуі ұрып-соққанын, есікті қалайда ашу керектігін айттым. Ақыры есіктің тұтқасын сындырып аштық», - деді ол.

Бауырының айтуынша, Салтанат есікті ашқан кезде фотодағыдай қатты болмаса да, оның бетінің көгерген тұстары болған.

«Салтанат, заттарыңды жина, үйге кетеміз» дедім. Бірақ ол бұл оның жеке өмірі мен некесі екенін, мәселені өзі реттейтінін айтты. Мінсіз болмаса да, некесін сақтауға тырысатынын, Қуандықты жақсы көретінін айтты. Мен тағы да қаттырақ сөйлеп: «ол сені мұндай соққылармен өлтіреді» дедім. Бірақ ол қалғысы келетінін айтты. Содан амалсыз үйге қайттым», - деді ол.

×

Редакция

$ 440.9  475.95  4.82