Таяу Шығыста ахуал ушығып тұр: Иранда жарылыстар болды

Иран билігі бірнеше дронды атып түсіргенін мәлімдеді

Нұрқанат Омарұлы
19/04/2024 - 09:49

Фото: BBC

Фото: BBC

Иран билігі бірнеше пилотсыз ұшақты атып түсіргенін мәлімдеді. Бірақ зымыран арқылы шабуыл жасалды деген мәліметті жоққа шығарды. Бұған дейін ирандық БАҚ ел орталығындағы Исфахан қаласында бірнеше дүркін жаралыс тіркелгенін, Иранның әр аймағындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің жұмысы жайлы ақпарат таратты. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

«Еліміздің әуе шабуылына қарсы қорғанысы бірнеше дронды сәтті атып түсірді, зымыран шабуылы туралы ақпарат әзірге жоқ», - деп жазды Иран ғарыш агенттігінің өкілі Хоссейн Далириан Х әлеуметтік желісінде.

Бұған дейін CBS News және ABC News телеарналары америкалық ресми тұлғалардың таратқан ақпаратына сүйеніп, Израиль Иранға қарай зымыран ұшырғанын хабарлаған болатын. Ақ үй мен Пентагон бұған қатысты түсініктеме берген жоқ.

«Бұл жағдайға қатысты әзірге ешнәрсе айта алмаймыз», - деді Израиль армиясының өкілі AFP агенттігіне.

Бұған дейін Израиль билігі өткен демалыс күндері Иран Израильдің қалаларына жүздеген зымыран мен дрон ұшырғанын хабарлаған болатын. Дрондардың барлығы жойылған.

Бұл ретте АҚШ Иранға қарсы шабуылға қосылмайтынын айтты, бірақ бейсенбі күні Иран дрондарын шығаруға қатысы бар адамдар мен ұйымдарға қарсы санкциялар енгізді.

Бұдан бұрын FARS ақпарат агенттігі Исфахан халықаралық әуежайына жақын Шекари армиялық авиабазасының маңында үш жарылыс болғанын хабарлаған болатын.

Агенттіктің мәліметінше, Исфаханда әуе шабуылына қарсы жүйесі іске қосылды, ол пилотсыз ұшақты анықтады. Жарылыс салдарынан бірнеше кеңсе ғимаратының терезелері шағылған.

IRIB телекомпаниясы «сенімді дереккөздерге» сілтеме жасай отырып, «еліміздің бірқатар өңірінде естілген жарылыс дыбыстары белгісіз шағын дрондардың көзін жою үшін әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін іске қосудың салдарынан болды» деп хабарлады.

Исфахан провинциясының аумағында Иранның бірнеше ядролық нысаны орналасқан, алайда, Тасним агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлағандай, ядролық инфрақұрылым нысандарында қауіпті жағдай тіркелген жоқ.

Басқа жерлерде де нысандарға зақым келген жоқ, деп жазады IRNA агенттігі.

Тегеран мен басқа да қалалардың үстінен ұшу уақытша тоқтатылды. Атап айтқанда, Иран астанасындағы Имам Хомейни атындағы халықаралық әуежай рейстерді қабылдаған жоқ және ешқандай ұшақ ұшып шыққан жоқ, деп хабарлады жергілікті БАҚ.

Mehr агенттігі Тегеран, Исфахан және Шираз қалаларына, сондай-ақ елдің батысындағы, солтүстік-батысындағы және оңтүстік-батысындағы әуежайларда рейстер тоқтатылғанын нақтылады.

CNN телекомпаниясы бұған дейін Иранның әуе кеңістігінде тұрған сегіз ұшақ бағытынан ауытқығанын хабарлаған болатын.

Flightradar24 сервисінің мәліметтеріне сәйкес, олардың арасында Emirates және Flydubai авиакомпанияларының лайнерлері болды. Кейінірек Flydubai компаниясының Иранға рейстерді тоқтатқаны мәлім болды.

×

Редакция

$ 441.58  480  4.86