Telegram арқылы есірткі сатқан 80 адам анықталды – ҚМА

Есірткінің әлеуетті тұтынушылары болып саналатын 10 мыңға жуық адам анықталды

Sarbaz.kz редакторы
24/04/2024 - 09:56

Фото: freepik.com

Фото: freepik.com

Қаржылық мониторинг агенттігі Telegram мессенджерінің арналары мен басқа да әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуде. Агенттіктің хабарлауынша, жұмыс нәтижесінде мессенджерлердегі 300-ге жуық арна, тыйым салынған заттар сатылатын 4 ірі Darknet маркетплейс анықталған, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Агенттіктің әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізе отырып, есірткі, психотропты заттарды сатумен айналысқан онлайн алаңдарды анықтаған. Мәселен, Telegram арналары арқылы есірткі және психотроптық заттарды тұрақты негізде жарнамалап, сатуды кәсіп еткен 80 пайдаланушының жеке басы белгілі болды.

«Интернет-кеңістіктің Қазақстандық сегментіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде 35 мыңға жуық қатысушысы бар есірткі сататын 3 ірі алаң, есірткі заттарынының әлеуетті тұтынушылары болып саналатын 10 мыңға жуық адамның жеке басы анықталды», - деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Талдау көрсеткендей, тұтынушылардың 50%-дан астамы Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысында шоғырланған. Агенттік өткен жылғы айналымы 25,6 млрд теңгені құрайтын 36 есірткі дүкенін анықтады. Ал биыл Telegram мессенджерінде 60 есірткі арнасына тиесілі 59 карт-шот әшкере болды.

Айналымы 82 млн теңгені құрайтын есірткі дүкендерінің бірі бойынша материалдар ІІМ-ге жолданды.

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88