Ақтөбе облысында әскери қызметкердің кінәсінен полигонда бір адам қаза болды

Тағы бір адам ауыр дене жарақатын алған

Sarbaz.kz редакторы
26/04/2024 - 09:25

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Ақтөбе гарнизонының әскери сотында қызметке салғырт қарау салдарынан ауыр зардаптарға әкеп соқты деп (ҚК-нің 453-бабының 2-бөлігі) айыпталған әскери қызметшіге қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Sarbaz.kz ҚР Әскери сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Әскери соттың мәліметінше, бұйрыққа сәйкес, оқу полигонындағы жарылыс оқ-дәрілерін залалсыздандырып, одан қалған жарамсыз металл қалдықтарын тазалау жұмыстары сотталушы Ө-ге жүктелген. Алайда, сотталушы Ө. өзінің қызметтік міндеттеріне салғырт қарап, оқу полигонын тазарту жұмыстарын ауызша бұйрығымен әскери қызметші О.-ға тапсырған.

Өз кезегінде О. сотталушыға оқ-дәрілерді залалсыздандыру жөніндегі жұмыстарды толық аяқтамай, оқу полигонын тазарту жөніндегі тапсырманың орындалғаны туралы баяндады.

«Осы оқу полигонында тұрмыстық қалдықтарды жинау барысында алдыңғы оқу жарылысының залалсыздандырылмаған қалдықтарының арасында белгісіз оқ-дәрі жарылып, салдарынан бір әскери қызметші қайтыс болып, екінші әскери қызметші ауыр дене жарақатын алған.

Сотталушының кінәсі дәлелдердің жеткілікті жиынтығымен дәлелденді: жәбірленушілердің айғақтары, куәгерлер, сарапшылардың, мамандардың қорытындылары, заттай дәлелдемелер, тергеу әрекеттерінің хаттамалары және т.б.», – делінген хабарламада.

Анықталғандай, жәбірленуші тарап жазаның қатаңдығы туралы мәселені соттың қарауына қалдырды.

Сотталушы Ө. кінәсін мойындамай, қылмыс белгілерінің жоқтығына байланысты ақтауды сұрады.

«Сот сотталушының жас балаларының болуын, алғаш рет қылмыстық жауаптылыққа тартылуын, жұмыс орнынан оң мінездемесін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Сот сотталушы Ө.-ні ҚК-нің 453-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Жәбірленушінің пайдасына 7 млн теңге көлемінде моральдық зиян өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деп хабарлайды Әскери сот.

×

Редакция

$ 443.16  480.39  4.94