«Дәретханаға да қарумен баратынбыз»: Ауған соғысының ардагері басынан кешкен оқиғалар туралы айтты

Нұрдәулет Кәкіш
15/02/2024 - 17:58

Фото: Time.kz

Фото: Time.kz

Ауғанстандағы соғыс қорқынышы. Украина мен Ресей арасындағы соғыстан алатын сабақ. «Қара майор». Осы және өзге де тақырып тұрғысында Sarbaz.kz тілшісі ҚР Қорғаныс экс-министрі, Генерал-полковник, Ауған соғысының ардагері Сәкен Жасұзақовпен сұхбат құрды.

Сәкен Жасұзақов 1981-1983 жылдары «2-мұсылман батальоны» деген атпен танымал 177-арнайы жасақтың барлау бастығы қызметін атқарған. Батальон негізінен қазақ, қырғыз, өзбек ұлттары өкілдерінен жасақталуына байланысты осылай аталған. Оның тікелей командирі аты аңызға айналған Борис Төкенұлы Керімбаев – «Қара майор» болды. 177-ші жасақтың өзі Панджшер шатқалындағы Ахмад Шах Масуд бастаған ауған моджахедтерімен күрес кезінде негізгі бөлімшеге айналды.

– Сәкен Әділханұлы, Ауған соғысындағы ең бір қауіпті әрі қорқынышты сәт туралы айтып берсеңіз.

– Қорқынышты сәттер өте көп болды. Соғыстың аты соғыс, бұйрық берілгеннен кейін Ауғанстанға бардық. Қапшағайда дайындалған 177-жасақ құрылып, сол жасақтың құрамында Ауғанстанның көптеген қаласында болдық. Біздің «2-мұсылман батальоны» сарбаздарының 90 пайызы Қазақстанның әр өңірінен жиналған жігіттер болды. Калонналарды шығарып салуға, құтқаруға әрекет жасадық.

– Бір сұхбатыңызда «...тіпті дәретханаға қарумен баратынбыз. Әйтпесе жын сияқты келіп, атып тастайтындай көрінеді» депсіз...

– Иә, солай болды. Ол енді соғыс қой, онда неше түрлі оқиғалар көп болады. Соның бірі қазір есіме түсіп отыр. Ауғанстанға барғанымызға көп бола қоймаған кезіміз болатын. Операцияларға әлі де қатыспағанбыз. Бірде жаяу әскердің жауынгерлік машинасымен калоннаға бара жаттық. Бір кезде торуылға түсіп қалдық. Атыс басталды. Көліктің үстінен дереу секіріп түстік. Мен бір тасты қалқаладым. Сол кезде әлгі тас маған үлкен болып көрінген. Бәрі тынышталған соң байқасам, ол аса үлкен тас емес екен.

– Бұл атыс немен аяқталды?

– Бұл атыстан ешкім зардап шеккен жоқ. Бәріміз аман қалдық. Бұл бізге үлкен сабақ болды. Өз-өзімізді қолға алып, жинақталдық. Содан кейін де талай қауіпті сәттер болды. Жайшылықта «жауынгерлердің бойында қорқыныш болмайды» деген сөздер айтылады. Шын мәнісінде әр жорыққа аттанғанда қорқасың. Мысалы, парашютпен секіргенде, қарулы қақтығысқа барған кезде ет пен сүйектен жаралған адамбыз ғой, әр адамның өзіндік сезімі бар дегендей, бәрібір бойыңда қорқыныш болады.

– Аты аңызға айналған «Қара майормен» қандай байланыста болдыңыз? Оның «оң қолы» болғаныңыз рас па?

–  Мен ол кезде «Мұсылман» батальонының барлау қызметінің бастығы болдым. Болып жатқан жағдайды толықтай командиріміз «Қара майорға» тікелей баяндап отырдым. Осылайша, командирмен тығыз жұмыс істедік.

– Бір сұхбатыңызда жергілікті халықтың киімін киіп, солардың ортасында емін-еркін жүргеніңіз туралы айтыпсыз. Сол туралы тарқатып айтып берсеңіз.

– Барлаушы болған соң ондай сәттер көп болды. Әскери киіммен барсаң, кім болса да үрке қарап, аса сөйлесе қоймайды. Сондықтан жергілікті халықтың киімін киіп, әртүрлі адамдармен сөйлесіп, Ауғанстанның қарапайым азаматтарын да, әскерилерін де, агенттерін де сөзге тартуға тырыстық. Ол жақтарда өзбектер көп тұратын еді. Ал мен өзбек тілін жақсы меңгергенмін. Қызмет болған соң осылайша, әртүрлі әдіс-тәсілді қолдануға тура келді.

– Жалпы, «2-мұсылман» батальонына жергілікті халық қандай көзқараста болды?

–  «2-мұсылман» батальонындағылардың басым көпшілігі қазақтар, қырғыздар болған соң жергілікті халық та біздің мұсылман екенімізді білді. Біз де олармен тіл табысуға тырыстық. Бір-бірімізге зиян келтірмеуге уағдаластық. Қолдарында қару-жарақтары болмаса, калонналарға тиіспейтінбіз. Қарапайым тұрғындар да бізге дұрыс көзқараста болды.

– Сіз соғысты өз көзіңізбен көрдіңіз, сол кездегі соғыс пен қазіргі Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығыста соғыс тәсілі өзгерген бе? Қазақстан бұдан қандай сабақ алуы керек?

– Бұл соғыс басталған екі жылдан бері соған талдау жасап, материалдар дайындап, «Жауынгерлік қолдану» («Боевое применение») атты кітап жаздым. Сонда «Соғыс сабақтары» атты бөлек тарау бар. Сол тарауда Ресей әскерінің, Украина әскерінің қандай мәселелері бар екенін, нені дұрыс жасағанына, қандай әрекеті дұрыс болмағанына тоқталдым. Бұл кітапты өзіміздің әскерге жібердім. Біздің командирлеріміз, сарбаздарымыз соның бәрін білуі керек. Осының бәрін университеттердегі курсанттарға, магистранттарға да оқыту керек. Әскери оқу-жаттығуларында соның бәрін тәжірибеде қолдану қажет. Бұл туралы материалдарды әскери «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналына да тұрақты түрде жіберіп тұрамын.

– Қазіргі Қазақстан Қарулы күштері заманауи деп ойлайсыз ба? Қандай баға бересіз?

– Оған баға беретін Үкімет бар, Жоғарғы Қолбасшы бар. 30 жылдың ішінде Қарулы күштеріміздің қандай болғанын өздеріңіз білесіздер. Әртүрлі жағдайлар болып тұрады. Бірақ біздің еліміз сенімді болуы керек. Яғни мықты қару-жарақпен, техникамен қамтамасыз етілген Қарулы күштеріміздің бар екеніне сену керек. Ал Қарулы күштер тарапынан елге сенім болуы керек.

– Қазақстандық бітімгерлершілердің Голан биіктеріне баратыны туралы шешім қабылданды. Бітімгершіліктің Қарулы күштердің нығаюына қосатын үлесі қандай?

– Кез келген бітімгершілік болсын, жауынгерлік оқу-жаттығу болсын – оның бәрі үлкен тәжірибе. Өйткені ештеңені өз көзіңмен көріп, шынайы сезінбесең, кейін сондай оқиғамен ұшырасқанда шешім қабылдауда, әрекет етуде қиындықтар кездеседі. Бітімгершілік қызмет – сондай тәжірибе жинақтайтын бағыттың бірі. Ол жерде соғысу міндеті жоқ, ол жерде патрульдеу, калоннаны алып жүру, бақылау жұмыстары сияқты басқа да әрекеттер жүргізіледі. Осының бәрі – жауынгерлік міндеттің бір бағыты.

Жауынгерлік тәжірибе дегеніміз – өлшемі жоқ құнды нәрсе. Байқауымызша, Ауғанстандағы соғыстан кейін еліміздің Қарулы күштерінің қатарында қазір соғыс көрген, жауынгерлік тәжірибесі бар офицерлер жоқ. Олардың кейбірі жұмыстан шығып кетті, көпшілігі зейнетте. Ең жас дегендерінің өзі 60-та болуы мүмкін. Бірақ бұл жастағыларды аса кәрі деуге де келмейді.

Дегенмен қазір Ресей, Украина, Израиль, Газа сияқты соғысып жатқан елдердің Қарулы күштерінің жауынгерлік тәжірибесін зерттеп-зерделеп, сондағы жаңашылдықты бізге де енгізу керек. Сол соғыстардан, әскери қимылдардан сабақ алуымыз керек. Генералдарымыз бен офицерлерімізді, сарбаздарымызды жақсылап дайындауымыз керек. Біздің оқу орындарымыз әскери іс-қимылдар туралы жаңа бағдарламамен оқыта бастауы керек. Өйткені қазіргі соғыс – бұрынғыдай емес, бұрынғыдан өзгеше соғыс, гибридті соғыс. Қазір дрон, ұшқышсыз ұшақ, суда, судың астындағы дәлдік қарулар сияқты барлығы жаңаша. Қазір ақпараттық соғыс та өршіп тұр. Ақпараттық-психологиялық операция деген де бар. Соның бәріне Қарулы күштеріміз дайын болуы керек. Біріншіден, армияда сол құралдың бәрі болуы керек, содан соң оны қолдана білуі керек.

Менің ойымша, армия құрамы аралас болуы керек. Яғни келісімшартпен қызмет ететіндер де, мерзімді шақырылғандар да қатар жүруі қажет. Келісімшарт бойынша қызмет ететіндер – кәсіби мамандар. Ал жас сарбаздарға келетін болсақ, олар армияда жүріп, біраз тәжірибе жинақтауы керек. Егер резерв болмаса, онда армияны толтыратын ешкім болмайды. Біздің Қарулы Күштеріміз аз, бірақ бізде үлкен жұмылдыру резерві болуы керек. Тәжірибе көрсеткендей, бір жыл қызмет еткен сарбаздар соғыса алмайды. Бұл жерде оқу-жаттығу сапасын жақсарту немесе қызмет мерзімін ұзарту мәселесі тұр.

Одан кейін генералдарымыздың, офицерлеріміз бен сарбаздарымыздың бойында мотивация болуы керек. Мотивация болмаса, олардың ісі алға баспайды. Сонымен қатар қазіргі таңда жасанды интеллекті армияда да қолдану алдыңғы орынға шығып келеді. Оған да мән беру керек. Егер әскери салада сапалы заманауи байланыс құралдары, әуеде де, судың астында да жүретін дрондар болмаса, оның өзі жеңіліс болып саналады. Біздің армиямыз шағын ғана, сондықтан да әскеріміз барлық сапалы құрал-жабдықпен қамамасыз етілуі керек. Үнемі даму үстінде болуы керек.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Тегтер

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88