Қазақстан Әскери-әуе күштері әлемдегі ең тиімді әскери-көлік ұшақтарының бірімен толықты

Ұшақ өндірушісі – испаниялық компания

Sarbaz.kz редакторы
10/08/2023 - 17:46

Астана қаласының авиабазасына испаниялық Airbus Defence and Space компаниясы шығарған жүк көтергіші орташа С-295МW әскери-көлік ұшағы келіп жетті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Әуе кемесі 69 әскери қызметші және 8800 келіге дейін жүк тасымалдауға арналған. Ол өз санатындағы ең сенімді әрі үнемділердің бірі болып келетін Pratt & Whitney PW127G шығарған екі турбовинтті қозғалтқышпен жабдықталған. С-295МW ұшағы ең қолайсыз ауа райы жағдайында да тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретін заманауи ұшуды басқарушы жүйесімен және пилоттық-навигациялық жабдықтармен жасақталған.

Қысқа және орта іс-қимыл радиусындағы ұшақтың артқы жағында пандусы бар жүк кабинасымен жабдықталған. Әуе кемесі жеке құрамды тасымалдауға, десанттауға және жүктерді лақтыруға, әуеде бақылау жүргізуге және медициналық эвакуациялауға арналған.

«Әскери-көліктік авиация мүмкіндіктерін арттыру шеңберінде 19132 әскери бөліміне С-295МW жаңа әскери-көліктік ұшақ келіп түсті. Техникалық сипаттамалары бойынша бұл өз санатындағы ұшақтардан отын шығыны жағынан ең тиімді, сенімді және үнемді ұшақтардың бірі», – деп түсіндірді Әуе қорғанысы күштері қару-жарақ бас басқармасының штаб бастығы полковник Дмитрий Федорченко.

Ұшақтың осы үлгісін пайдалану мақсатында ұшқыштар мен инженерлік-техникалық құрам Испанияның Севилья қаласындағы Airbus Defence and Space оқу-жаттығу орталығында оқытылды.

Мемлекеттік-қорғаныс тапсырысы шеңберінде жасалған шартқа сәйкес ұшақты қабылдау он күн ішінде жүргізілмек. Содан кейін ол мемлекеттік әуе кемелерінің тізіліміне енгізіліп, пайдалануға берілетін болады.

Айта кетейік, Қорғаныс министрлігі әскерді дамытудың және техникалық жарақтандырудың барлық аспектісі бойынша іс-шаралар кешенін іске асырып жатыр. Жыл сайын авиациялық парк жаңа авиациялық техникалармен толықтырылады.

Тегтер

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88