Ақтөбеде зейнеткер дыбысы шықпайтын ерекше тапанша-пулемет ойлап тапты

Оның ұзындығы 44 сантиметрді құрайды

Жанель Нұрболатқызы
12/09/2023 - 21:31

Ақтөбе облысы, Хромтау қаласының тұрғыны, зейнеткер Дияр Гильманов тапанша-пулемет ойлап тапты. Ол өнертабысын Ұлттық ұланның, құқық қорғау органдарының қолданысына арнаған, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Дияр Гильманов алпыс бес жаста. Қырық бес жыл бойы механизатор болып қызмет еткен ол осыдан бірер жыл бұрын зейнетке шығып, балалық шағынан бері келе жатқан қызығушылығы – түрлі өнертабыстарды ойлап табуға ден қойған.

«Әкем Кеңес өкіметінің кезінде ішкі істер халық комиссариатында жұмыс жасады. Ол аңшылықпен әуестенетін мықты мерген болды. Аң аулауға мені де ертіп шығатын. Мен мылтықты бөлшектеп, майлап, жинақтап беретінмін. Қызығушылығым да сол кезден бастап пайда болды. Мектеп кезінде «Охотничье хозяйство», «Моделист-конструктор» атты журналдарға жазылып, қаруды жинақтау, жасау жайында тереңірек оқыдым. Сонымен қатар өнертабыстарға, олардың сызбасын даярлауға қатысты басылымдарды да жиі алатынмын. Мектептен кейін Ауылшаруашылығы кәсіби-техникалық училищесінде оқыдым. Одан кейін механизатор болып қызмет етіп жүріп, көліктердің, техниканың құрылымын толықтай біліп алдым. Әскерде жүргенде қару-жарақ жайында барлығын кеңінен білдім. Жұмыстан бос уақытымда түрлі техникаларды ойлап табуға тырысып, сол бағытта іздендім. Қазір уақытымның басым бөлігін қызығушылығыма жұмсаудамын», – дейді өнертапқыш.

Ол тапанша-пулеметпен қатар винтовканың кез келген түріне арналған бірегей құралды ойлап тапқан. Тапанша-пулеметке Ұлттық зияткерлік меншік институты патент, яғни қолдану құқығын берген. Енді зейнеткердің өнертабысы еліміздің құқық қорғау органдарының қызметтік қаруына айналуы мүмкін.

«Менің қаруға арналған тежегіш-компенсаторым атыс кезінде қатты дыбыстың шықпауын қамтамасыз етеді. Оның тік бұрышты кесінділері бар серіппесінің арқасында винтовканың ұңғысы атқыштың иығында гематомаларды қалдырмайды. Ал тапанша-пулеметтің ерекшелегі – оның басқа қарулар секілді қызып кетпейтінінде. Оның ұзындығы 44 сантиметрді құрайды. Тапанша-пулеметті ұстап жүруге ыңғайлы болсын деген мақсатпен кішкентай етіп жасадым. Сондай-ақ ол  ұзақ уақыт бойы автоматты режимдегі атыс кезінде қызбайды», – дейді Д. Гильманов.

Зейнеткердің тежегіш-компенсаторы мен тапанша-пулеметі – қажырлы еңбектің, ұзақ жылдар бойғы зияткерлік зерттеулерінің нәтижесінде пайда болған өнертабыстар. Олай болса, мектеп кезінен бастап техникаларды жасауды егжейлі-тегжейлі қарастырған ол ойындағы қару мен құрылғыны ойлап табуға өмірін арнады десек, артық айтқандық емес. Өйткені өнертабысты ойлап табу қайтпас қайсарлықты, тынымсыз еңбекті, үздіксіз ізденісті және ең бастысы – қиын сәттерде еске алғанда қанаттандырып, жігерлендіретін арман-мақсатты талап етеді. Ал Дияр Гильмановтың мақсаты – мемлекетке, елімізге пайдалы құрылғы ойлап табу болатын.

«Қарудың сызбасын жасағанда барлығын жан-жақты есептеп, еш қатесіз даярлау керек. Оған әрине айналдырған бір-екі жылдың ішінде қол жеткізу мүмкін емес. Бұл жолда түрлі сәтсіздіктердің кездесетіні де рас. Соңғы кездері ойлап тапқан екі сәтті өнертабысымнан бұрын да біраз құрылғы жасағанмын. Мәселен, пистолет-пулеметты жасау барысында ұңғының тығындалуын, оның жасалуындағы қағидаларды терең білу керек. Әйтпесе оқ диаметрге сай келмей, жарылыс орын алуы мүмкін. Мен оның көлемі мен нақты қандай оқ келетінін әбден анықтағанша ұзақ уақыт бойы тәжірибе жүргізіп, тапанша-пулеметтің түр-түрін жасап көрдім. Бастапқыда ойлап тапқандарымның салмағы ауыр болды. Ол полицейлердің қолданысына ыңғайлы болмайды деген оймен ең оңтайлы түрін жасағанша тоқтамадым. Көптеген әдебиеттерді оқып, шет елдің қаруларын зерттеп барып, дегеніме жеттім. Бұндағы менің көздегенім – тәртіп сақшылары мен ел қорғап жүрген азаматтарға өнертапқыш ретінде қолымнан келгенше көмек беру», – дейді ол.

Дияр Гильмановтың айтуынша, қазіргі уақытта тапанша-пулеметті жасап шығаруға қатысты іс-шараларды Өнеркәсіп және құрылыс минитсрлігі қарастыруда. Зейнеткер министрліктен осыған қатысты жауап күтіп отыр.

Тегтер

×

Редакция

$ 443.44  480.51  4.88