Apple компаниясы iPhone 15 пен жаңартылған «ақылды» сағатын таныстырды

Жаңа смартфондар 15 қыркүйекте қолжетімді бола бастайды

Sarbaz.kz редакторы
13/09/2023 - 17:01

Apple корпорациясы iPhone 15 смартфонын және жаңартылған «ақылды» сағат, яғни Apple Watch 9 сериясын таныстырды. Трансляция сейсенбіде компанияның YouTube арнасында өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Смартфондардың жаңа сериясының басты ерекшеліктерінің бірі (iPhone 15, iPhone 15 Plus, iPhone 15 Pro және iPhone 15 Pro Max) – Lightning қуаттау портынан USB Type-C жалғағышына ауысуы. Бұған дейін ол тек iPhone 14 Pro-да болған.

iPhone 15 және iPhone 15 Plus өткен жылы iPhone 14 Pro және 14 Pro Max-қа енгізілген A16 Bionics процессорларымен жарақтандырылады. Pro-ның жаңа нұсқалары A17 Pro процессорымен шығады.

IPhone 15-тің қолжетімді нұсқалары бес жаңа түсте пайда болады. Олар: қара, көк, жасыл, сары және қызғылт. Pro нұсқаларында корпус титанды болады, төрт реңк таңдауға ұсынылады. IPhone 15 және iPhone 15 Pro экрандарының диагоналы 6,1 дюйм, iPhone 15 Plus және iPhone 15 pro Max экрандарының диагоналы 6,7 дюйм болады.

Таныстырылымдағы ақпаратқа сәйкес, iPhone 15 бағасы 799 доллардан (128 Гб), iPhone 15 Plus 899 доллардан басталады. IPhone 15 Pro-ның ең төменгі бағасы – 999 доллар, iPhone 15 Pro Max бағасы – 1 199 доллар. Алдын ала тапсырыспен жаңа смартфондар 15 қыркүйекте қолжетімді болады.

Apple Watch Series 9 «ақылды» сағаттары үшін жаңа S9 процессоры енгізілді. Экранның максималды жарықтығы 2000 нитке дейін көтерілген. Apple бұл көрсеткіш бойынша дисплей алдыңғы нұсқадан екі есе жоғары екенін хабарлады. Сонымен қатар Double Tap функциясы пайда болмақ. Соның арқасында пайдаланушы сағатты таққан қолының саусақтарын қозғалту арқылы экранға қол тигізбестен басқара. Жаңа сағаттардың бағасы 399 доллардан басталады.

Apple Watch Ultra 2 одан да жарық, яғни 3000 нитке дейінгі жарық экранмен жабдықталған. Корпорация гаджет батареясының қызмет ету мерзімі қалыпты режимде 36 сағатқа, энергияны үнемдеу режимінде 72 сағатқа жететініне уәде беріп отыр. Бұл нұсқаның ең төменгі бағасы 799 доллардан басталады.

Сонымен қатар тұсаукесер барысында Apple 2030 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қолжеткізуге ниетті екендіктерін мәлім етті.

×

Редакция

$ 443.72  482.28  4.9