Орманшылар дабыл қағуда

75
08.04.2024 16:09

Абай облысындағы "Семей орманы" табиғи резерватында «өртенген ағаштарды тездетіп санап, кесу қажет» дейді мамандар.  Себебі, күйік шалған талдардың  діңіне түскен түрлі зиянкестер сау тұрған ағаштарды да құртуы мүмкін.  

«Семей орманына» қарасты Талица орманшылығында 11 мың гектар алқап өртенген.  Мамандар  мұнша аумақты қалпына келтіріп  үлгеремейміз бе деп алаңдайды. Өйткені жанып кеткен ағаштарға түскен жәндіктер сау тұрған жасыл-желекке қауіп төндіріп отыр.  

АЛЬФИЯ МҰРТАЗИНА "СЕМЕЙ ОРМАНЫ" ТАБИҒИ РЕЗЕРВАТЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ 

"Зиянкестердің кесілген ағаштарда пайда болғанын көріп тұрмыз. Дернәсілдердің ізі байқалады. Олар бұл жерден шығып, маңайындағы сау ағашты бүлдіруі мүмкін".

Десе де орманшылар қаңтар айынан бері 2800 текше метр ағаш дайындаған. Өрттен кейін 4500 гектар алқаптағы ағаш тізімге алыныпты.

ДӘУЛЕТ БАЙБОЛАТОВ "СЕМЕЙ ОРМАНЫ" ТАБИҒИ РЕЗЕРВАТЫНЫҢ ТАЛИЦА ОРМАНШЫЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

"Біз 1500 текше метр ағашты белгілеп, санап қойдық. Енді соны кесіп, дайындап, сатылымға шығарамыз".  

Қазір өртенген қарағайды кесу резерваттағы үш филиалда қатар жүргізілуде. Бұл мақсатта 12 өндірістік бригада құрылып, ағаш дайындауға 24 техника мен 50 адам жұмылдырылған. Жалпы алғанда Абай облысының орманшылары 60 мың гектардан аса аумақтағы ағашты кесіп, өңдеуі тиіс. Өйткені былтыр жазда дәл осы көлемдегі орман алқабын алапат өрт шарпыған болатын.