Лента новостей

Тоқаев азаптау мен қадір-қасиетті қорлаудың алдын алу жөніндегі заңға қол қойды

Тоқаев азаптау мен қадір-қасиетті қорлаудың алдын алу жөніндегі заңға қол қойды

Бұл заң – елімізде жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар аясында жүйелі қадамдардың жалғасы.

17 наурыз күні Президент азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу және сотталған адамдардың құқығын кеңейту туралы заңға қол қойды, , - деп хабарлайды Arnapress.kz  тілшісі  Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам құқықтары, жазаны орындау, сондай-ақ азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", – делінген Ақорданың ресми сайты жариялаған хабарламада.

Бұл заң – елімізде жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар аясында Қазақстанның азаптау мен қорлаудың басқа да түрлерін жоюға, осы мәселе бойынша халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізуге, сондай-ақ сотталғандардың құқығын кеңейтіп, түрмедегі теріс субмәдениеттің қалыптасуына жол бермеуге бағытталған жүйелі қадамдардың жалғасы.

Атап айтқанда, құжатта мынадай нормалар қарастырылған:

  • қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін жауапкершілік қарастырылады;
  • азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қатаңдатылады;
  • заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін тергеу амалдары кезінде аудио және бейне таспалау жүйесін қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі.

Сонымен қатар Заң сотталған адамдарға бірқатар қосымша құқық береді:

  • Ауыр сырқатқа шалдыққан жағдайда оларға жазаны өтеу мерзімін кейінгі қалдыру құқығы беріледі, яғни сотталған адамға медициналық мекемеде шұғыл ем алуға мүмкіндік туады;
  • Сотталған адамды ауыр дертке шалдығуына байланысты жазасын өтеуден босату туралы сот шешімі дереу орындалады (бұрын сотталғандар соттың шешімі заңдық күшіне енгеннен кейін ғана босатылатын);
  • Сотталған әйелдер мен олардың балалары арасындағы әлеуметтік байланысты сақтау үшін оларға өз балаларын колонияда қалдыруға рұқсат ету мерзімі 3 жылдан 4 жылға ұзартылды;
  • Бұрын сотталған адамдардың бірінші рет істі болған азаматтарға теріс ықпал етуіне жол бермеу үшін сотталғандарды қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерге бөлу тәсілдері өзгереді. Енді бірінші рет сотталғандар бас бостандығынан айыру жазасын бұрын сотталғандардан бөлек жерде өтейді. Бұл заңға бағынушылық мінез-құлық қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сурет: akorda.kz

Просмотров (1439)
ЖК CITEKO STAR desktop