Жетісу облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, екі адам жарақаттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Полиция мәліметінше, 7 мамыр күні Жетісу облысының Ақсу ауданында Hyundai Tucson және ГАЗ-53 автокөліктері жол апатына ұшыраған. Алматы-Өскемен тасжолының 360-шақырымында кроссовердің жүргізушісі жүк көлігін басып озуға әрекеттеніп, онымен жанама соқтығысып, салдарынан жол жиегіне шығып кетіп, аударылды. 54 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды. Hyundai жүргізушісі мен тағы бір жолаушы түрлі жарақатпен жақын жердегі ауруханаға жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы бойынша қажетті сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.