Қазақ тарихындағы елеулі кезеңдердің бірі – ағарту ісі. Жалпы халқымыз ұрпақ тәрбиесі, сапалы білім беру мәселесіне ежелден мән бергені белгілі. Әр дәуірде қолында мүмкіндігі бар азаматтар өз ауылынан арнайы мектеп ашып, оған ең мықты деген мұғалімдерді алдырып отырған. Мәселен, Алаш зиялыларының бірі – Міржақып Дулатұлы Семей өңіріндегі азаматтардың шақыртуы бойынша елге келіп, қазақ балаларының көзін ашады. Сол секілді белгілі ақын, талантты ұстаз Сұлтанмахмұт Торайғыр да Катонқарағай, Зайсан мен Тарбағатай өңіріне барып бала тәрбиелеп, ағартушылықпен айналысқаны белгілі. Осындай елге деген жанышырлық пен асқан қажыр-қайраттың арқасында қазақ даласында оқыған азаматтар саны көбейіп жатты.