Сыбызғы күйлері Алтай-Қобда қазақтары арасында кеңінен тараған. Былайша аңдап қарағанда әуен өрімі бір-біріне ұқсас болып сезілгенімен, олардың әрқайсысының жеке-жеке тарихына сай, жеткізетін сезім күйі де сан алуан. Сыбызғы күйлері де әдетте халықтық және авторлық болып бөлінеді. Алтай-Қобда сыбызғы күйлерінің ежелден бергі ерекшелігі – осы өңірде мекендейтін халықтарға ортақ болып келетіндігі. Мұны көршілес, тағдырлас, өмір сүру қалпы, мәдениеті ұқсас жұрттар арасындағы өзара байланыспен түсіндіруге болады.