1928 жылдың қаңтар айында әкімшілік реформаға сай болыстық бөліністер таратылып, Сырдария округінің құрамында Жаңақорған ауданы құрылды. Аудандастыру науқаны аяқталған соң аудандық мекемелердің қолға алған ең алғашқы жұмысы ірі байлар мен феодалдардың мал-мүлкін кәмпескелеуге дайындық жұмыстары болды. Кәмпеске қарсаңында Жаңақорған ауданын 13 әкімшілік ауыл құраған еді. 3-4 шағын ауылды біріктірген мұндай әкімшілік бөлініс аудан құрылған кезде қалыптасты. Науқан кезінде осы ауылдарда уәкілдердің ұйымдастыруымен байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу туралы 81 рет жиналыс өткізіліп, оларға 6269 адам қатысады, 160 адам жарыссөзге шығып, уәкілдерге 332 рет сұрақ қойылады.