Халықаралық ғылымдағы әйелдер мен қыздар күні соңғы жылдары ғылыми саясаттың маңызды бөлігіне айналды. Әңгіме мерекелік сипатта емес, ғылымдағы гендерлік теңгерім, институционалдық қолдау және еңбекті әділ бағалау туралы болып отыр. Қазақ ғылымы үшін де бұл мәселе өзекті. ХХ ғасыр басында қазақ даласы контекстінде Гүлсім Асфендиар, Аққағаз Досжанова секілді алғашқы дәрігер әйелдер кәсіби білім алып, қоғамдық санаға жаңа өріс ашса, бүгінгі буын әлемдік ғылыми кеңістікте еркін еңбек етіп жүр.