Қазақ халқының дәстүрлі әншілік өнері – ұлттың тамырын тереңге жайған рухани мұра. Сәби дүние есігін ашқан сәттен бастап анасының ақ сүтімен бойына әсем әуезді әнді, халық әндерін сіңіріп өседі. Сондықтан қазақ халқының өмірінде әннің алатын орны ерекше. Қазақтың әсем, қоңыр әндерінде адами құндылық, зор сүйіспеншілік, қайғы, қуаныштың барлығы сипат алады. Көне рухани жәдігер болған дәстүрлі әндер кең ауқымды, күрделі ырғақ иірімдерімен ерекшеленеді. Міне, сондай дәстүрлі әннің шырағын өшірмей, насихатшысына айналған әнші Әйгерім Нартүйенің жақында «Меруерт моншақ» атты жеке шығармашылық кеші өтті.