Қазіргі Астана қаласы тұрған аумақ – ежелден тоғыз жолдың торабы болған себепті, мұнда көне елді-мекендердің сорабы табылып жатуы заңды құбылыс. Көне қалалардан толық мәліметтер жетпесе де, 1816 жылы Есіл-Нұра өңіріне келген орыс офицері И.Шангин мұнда кішігірім қаланың жұрнағын көріп белгілейді. Бұл – ежелгі Бозоқ қаласының орны болатын. 1927 жылы көне қалашықтың орнында ақмолалық өлкетанушы Л.Семенов қазба жұмыстарын жүргізген. тарихшы, археолог ғалым Әлкей Марғұлан осы өлкедегі қалашықтар туралы біршама толық мәліметтер түзеді.