Қазақ танымындағы жауынгерлік-мергендік өнер жамбы атудың тарихы мен этнографиялық маңызы хақында баяндау үшін оның ежелгі дәуір бедерінде қалдырған деректі іздеріне үңілген дұрыс. Яғни жамбы ату көне жазбаларда «шеңбер ату» немесе «доп ату» деген ұғымда түсіндірілген екен. Мысалы, ғұн, қидан дәуірі кезінде сайыстың бұл түрін «доп ату» деп атапты. Бұл сайысты жүргізудің тәсілі – 40 оқбойы қашықтыққа арасы 20 оқбойы болатын аты адамның бойына шақ бір қатарға үш биік сырық орнатады. Сырықтарға нысана допты, яғни жамбы орналастырады. Жамбыны сырықтың басына қадап қоюға немесе арнайы көлденең ағаш орнатып оған салбыратып іліп қоюға да болады (Боғда батырдың жорығы. Хайлаар. 1985. 291-б).