Алаш кезеңінің белсенді қайраткері, жан-жақты талант, ақын, аудармашы, зертетуші, бірнеше көркем романның авторы Жүсіпбек Аймауытұлының бай шығармашылық мұрасының ішінде Абай тұлғасы, Абай өмірі мен қызметі, Абай мұрасы турасындағы еңбектерінің бір шоғыры ұлт руханияты мен ғылымына қызмет етіп келеді. Бұл орайда біз Жүсіпбек Аймауытұлының Абайды зерттеуші ғалым, Абай үлгісінде сөз суреткері және Абайдың жаны, жан жүйесі толғамдарын талғаммен қолданған педагог ретінде танимыз.