Qazaqstan tarihy порталының өткен жылғы 23 мамыр күнгі жариялымында «Қашқын қалмақтың лаңы», сондай-ақ 13 және 20 маусым күнгі шығарылымдарында «Айдалған ел, аңыраған жұрт» һәм «Қобда беті қазақтарының көтерілісі» және 12 қыркүйек күні «Айдалған қазақтарға Ахмет Байтұрсыновтың ара түсуі» атты тарихи-деректі мақалалар жарияланған болатын. Бұл жазбаларда өткен ғасырдың басы 1912 жылдары еліміз шекарасынан тыс өмір сүріп жатқан қазақтардың бастан кешірген қуған-сүргін оқиғасы туралы кеңінен толғаған едік. Осы орайда, аталмыш порталдан жоғарыдағы жазбаларды оқыған адамдар арнайы хабарласып шытырман оқиғаның жалғасы жайлы баяндауды өтінген-тін. Ендеше, қиыр жайлап, шет қонған қандастарымызды қуғанға ұшыртқан Қобда беті қазақтары арасында «Жалама» («Далама») деген лақап атымен танымал ресейлік қашқын қалмақ Дамбыжансын Амурсанаев ақ патша тарапынан тұтқындалып, Сібірге айдалғаны жөнінде баяндауды жөн көріп отырмыз.