Өткен ХХ ғасыр басында әлем тарихында аса күрделі өзгерістер орын алды. Соның алғашқысы – 1905-1907 жылдары Патшалық Ресейде толқу тудырған бірінші төңкеріс болса, екіншісі – 1911 жылы Циньдік Қытай елінде үш жүз жыл үстемдік жүргізген мәнжі билігі құлап, қоғамдық-саяси ахуалдың өзгеруі. Осы тұста жаңадан құрылған Қытай мемлекетін ықпалды әскери генералдар, саясаткерлер жеке-жеке бөліп алып билеуге көшті. Атап айтқанда, Сычуань провинциясын бір генерал меншіктеп алса, тағы бір генерал Юань Шикай парламентті таратып, елдің негізгі бөлігін өзінің басқаруына көшірді. Ал Шыңжан өлкесі мен Моңғолия уақытша буферлік күйде болды.